Бердібек Сапарбаев жайылымдықты бөлісе алмаған ауыл тұрғындарымен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапары барысында жайылымдық жерлерді бөлуге қатысты жергілікті тұрғындар арасында дау туындаған Тереңөзек ауылында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, Тереңөзек ауылдық округі аумағындағы жайылымдық жер көлемі 42233 гектарды құрайды. Мал бағуға арналған осындай ауқымды аумақ бола тұра, жергілікті тұрғындар өзара келісімге келе алмауда.

Тереңөзектіктер өздері айтқандай, ауылдағы көптеген отбасылар қораларында оншақты ірі қара және ұсақ малдар мен жылқылар ұстайды. Кейбіреулеріндегі мал саны жүз басқа дейін жетеді. Үш мыңнан астам адам тұратын ауылдық округте 2493 ірі қара, 34625 ұсақ мал және 1144 жылқы бар. Барлығы 85 шаруа қожалығы тіркелген.

Жақында ғана 2305 адам тұратын Тереңөзек ауылының тұрғындары әлеуметтік желілерде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін айтып, шағымданған болатын.

Кездесу барысында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов тұрғындар арасындағы келіспеушілік ауыл іргесіндегі жайылымдық жерлерге қатысты туындағанын атап өтті. Алайда, ол бұл жерлерді бөлу бекітілген нормаларға сәйкес жүргізілгенін жеткізді. Ол тұрғындарға ауыл сыртындағы 12622 гектар жайылымдық жерлерді пайдалану бойынша ұсыныс білдірген.

Жергілікті тұрғын Алпыс Дүрменов жер бөлу кезінде әр ауладағы адам саны ескерілмегенін алға тартады.

«Меніңше, жайылымдық жерлер балалар санына қарамай, әртүрлі бөлінуде. Көп балалы отбасыларға да, бір балалы отбасыларға да бірдей көлемдегі жайылым тиеді», - деді ол.

Облыс әкімі кез келген мәселе заң шеңберінде шешілетінін атап өтті.

«Ешқандай жер пайдаланусыз жатпауы керек, ол табыс әкелуі тиіс. Сондықтан бір апта ішінде аудан және ауыл әкімдері осы елді мекен маңындағы жерлерге талдау жүргізеді. Пайдаланусыз жатқан жерлерді иелері мемлекетке қайтаруы керек. Ол

жергілікті тұрғындарға мал санына сәйкес бөлінеді», - деп түсіндірді Бердібек Сапарбаев.

Дегенмен, аймақ басшысы малдың негізгі бөлігі ауыл сыртығындағы жайылымдарда жайылуы тиістігін тілге тиек етіп, онда жердің жеткілікті екендігін баса айтты.

«Қалай десек те, ауылдың іргесіндегі жер бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан, малшы жалдап, алысқа жаюға тура келеді. Сондай-ақ, мұндай шағын аумақта 80-нен астам шаруа қожалығының болуы – өте көп, оларды біріктіру қажет. Бұған жергілікті ақсақалдар атсалысқаны абзал. Жалпы, бұл мәселелердің барлығын ауылдың бұрынғы әкімі шешуі керек еді», - деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Тереңөзек тұрғындарына ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде үй маңындағы жерлерді тиімді игерудің маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында басқа да өзекті жайттар қаузалып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне де ден қойылды.


Соңғы жаңалықтар