+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

Бердібек Сапарбаев: Жарылыстан бүлінген үйлердің бәрі 2 айда қалпына келтіріледі

2021 жылғы 29 тамыз 19:38
Бөлісіңіз:
Бердібек Сапарбаев: Жарылыстан бүлінген үйлердің бәрі 2 айда қалпына келтіріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданындағы жарылыс салдарынан бүлінген үйлердің қашан қалпына келтірілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың мүшелері арнайы мамандармен бірге апаттан зардап шеккен 3 елді мекендегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ахуалын зерттеуде.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметі бойынша, әзірге жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталған.

Оның 106-сы - тұрғын үй, 12-сі - коммерциялық нысан.

Жөндеуді қажет етеді делінген 106 үйдің 35-іне күрделі жөндеу тағайындалып отыр. Облыстық жедел штаб қалған 71 үйді жеңіл зақымдалды деп таныған.

«Олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және жергілікті бюджеттен қосымша бөлінетін қаражат жұмсалады. Өңірдегі демеушілер де қаржылай көмек көрсетеді. Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталды.Қалған үйлерде құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті»,-деді облыс әкімі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің өкімімен 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында орын алған өрт пен жарылыс салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, индустрия және инфрақұрылымдық даму және басқа да орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері кірді.

Комиссия алдына залалды бағалау және өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылып отыр.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT