+7 (701) 759 90 19
USD 385.55 EUR 426.57
RUB 6.05 CNY 54.77
Jańalyqtar

Бердібек Сапарбаев жамбылдық тұрғындармен кездесті

2019 жылғы 15 қараша 01:38
Бөлісіңіз:
Бердібек Сапарбаев жамбылдық тұрғындармен кездесті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында қоғам өкілдерімен, педагогтар және денсаулық саласының мамандарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Үкімет басшысы ЕО-ға мүше елдер дипмиссияларының басшыларымен кездесу өткізді Асқар Мамин «Росатом» корпорациясының басшысын қабылдады Асқар Мамин мобильдік құрылғы арқылы қолжетімді мемқызметтер тізбесін кеңейтуді тапсырды

Алдымен, вице-премьер бастаған үкіметтің жұмысшы тобы облыстық қазақ драма театрында жамбылдық түрлі саланың мамандары мен қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Онда Б. Сапарбаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатындағы айрықша мән беріліп отырған басымдықтарға тоқталды. Өз сөзінде бүгінде Тараз қаласының шын мәнісінде күн санап тарихи келбеті айшықталып, жаңғырып келе жатқанын айтып өткен Премьер Министрдің орынбасары ел Үкіметі алдындағы ауқымды міндеттерді тілге тиек етті.

Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудың бір жолы - медициналық қызметтің қолжетімді болуы екені белгілі. Халық денсаулығын сақтауда алғашқы дәрігерлік көмекті тиімді ұйымдастырудың маңызы зор. Бұл ретте Жамбыл өңірі жұмысты жүйелі жүргізіп, республика бойынша алға шығып отыр. Осыны баса айтқан Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа елді мекендерді амбулаториялар және медпункттермен қамтуда өзгеше үлгі көрсетіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін тиімді пайдаланып отырған Жамбыл облысының тәжірибесін өзге өңірлерге таратуды тапсырды.

Кездесуде вице-премьер келер жылдан бастап енгізуге ұсынылып отырған атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі туралы да айтып өтті.


«Шын мұқтаж азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қорғау үшін әрі масылдық пиғылды өршітіп алмау мақсатында Үкімет атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің механизмін өзгертуді ұсынып отыр. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл - аты айтып тұрғандай, атаулы көмек. Жыл бойы төленетін жалақы емес. Ол қолдауға зәру отбасыларға әлеуметтік жағдайын түзеп алу үшін белгілі бір мерзімге тағайындалады. Экономиканы тұрақтандырудың жолы - еңбек», - деді Бердібек Мәшбекұлы.

Үкімет басшысының орынбасары сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мақсатында берілетін арнайы құрылғылармен қамту жүйесін жақсарту үшін арнайы портал ашылғанын да тілге тиек етті. Тиісті құрал-жабдықтарға тапсырыс беруге тендер ең тиімді жол емес екенін, соның салдарынан бұған дейін қолдауды қажет ететін азаматтарды керек құрылғымен қамтуда кедергі туындағанын сөз етті. Арнайы портал енді осы түйткілдерден құтылуға мүмкіндік бермек. Жиында жұмыспен қамту, бірыңғай әлеуметтік қор және бірыңғай әлеуметтік төлем туралы да айтылды.

Вице-премьердің Жамбыл жұртшылығымен жүздесуі еркін форматта өткенін айта кеткен жөн. Тұрғындар Бердібек Сапарбаевқа көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді алға тартты.


Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев өңірдің педагог қауымымен жүздесіп, салаға қатысты бірқатар мәселелерді саралады. Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында өткен кездесуге облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова қатысты. Басқосуда алғаш болып сөз алған Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова саладағы өзекті мәселелерді ортаға салып, оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

«Қазір республикадағы барлық мектептері 10-сыныпқа дейін жаңартылған білім беру жүйесін көшті. Педагогтер бұл жүйе бойынша біліктілігін арттыру курстарынан да өтті. Өздеріңізге мәлім, білім саласындағы ең өзекті мәселе «Педагогтер мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болып отыр.Қазір бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының Парламентінің қарауында жатыр.

Сондай-ақ биыл педагогтердің біліктілік санатын анықтау тесті ұстаздар қауымының ұсынысына сай электронды форматта өте бастады», –деді Шолпан Қанатқызы.

Вице-министр өз сөзінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін бағалаудың жаңа жүйесі, дуальды білім беруді жетілдірудің жай-жапсары туралы да айтып өтті.

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев ұстаздарға отандық білім берудегі өзекті мәселелерді шешуге Үкімет тарапынан тиісті жұмыстардың қолға алынғанын жеткізіп, бұл істе бірлесе әрекет етуге шақырды. Ал кездесуді қорытындылаған облысы әкімі Асқар Мырзахметов оқушылардың рухани таным-түсінігін дамытуды арнайы пәнді оқыту арқылы жолға қою ұсынысын жеткізді.

Вице-премьердің облысқа жұмыс сапары облыстық балалар ауруханасында түйінделді. Онда Б. Сапарбаев жамбылдық дәрігерлер мен медицина қызметкерлерімен кездесті. Басқосу барысында еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасап, міндетті медициналық сақтандыру бастамасына қатысты атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ министр міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасын бұқараға түсіндіруде Жамбыл облысы алдыңғы қатарда келе жатқанын жеткізіп, өңірдегі жұмысқа оң бағасын берді. Баяндама тыңдалғаннан кейін жиынға қатысушылар министрге міндетті медициналық сақтандыруға қатысты бірқатар сауалдарын қойды. Ол барлық сауалдарға тұщымды жауап беріп, аймақ дәрігерлерін бұл бағытта жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Кездесуді қорытындылаған Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын айтып, алайда әлеуметтік желілерде дәрігерлер тарапына бағытталған сындарға аймақтың ақ халатты абзал жандары дер кезінде жауап бермейтіндігіне қынжылыс білдірді. Сол себепті Премьер-Министрдің орынбасары дәрігерлерге сын мен мін тағылып жатса, бұл тұтас ел медицинасына айтылған дүние деп қабылдап, жұдырықша жұмылу қажеттігін тапсырды.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ғибрат Сембай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT