Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысындағы базарларды ретке келтіруді тапсырды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысындағы базарларды ретке келтіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бірде-бір базар белгіленген талаптарға толық сәйкес келмейді. Қабылданған шаралар сатып алушылардың да, саудагерлердің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз», - Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев базар иелерінің қатысуымен өткен жиында осылай деді.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста 41 базар тіркелген, онда 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
«Сауалнама нәтижесі тұрғындардың тауарды негізінен базардан сатып алатынын көрсетіп отыр. Мәселен, азық-түлік тауарлары көлемінің 64 пайызы, азық-түлік емес тауарлар көлемінің 73 пайызы, техникаға қажетті бөлшектердің 81 пайызы және құрылыс материалдарының 85 пайызы базардан сатып алынады», - деп атап өтті А.Сейсебаев.
Тұтынушылардың көптігін ескерсек, базарлардағы қызмет көрсетудің заманауи талаптарға сай болуы аса маңызды.

«Барлық базарлар өртке қарсы, сәулет, санитария, экология және басқа да талаптарға сай болуы тиіс. Бірақ бірде-бір базар иесі бұған нақты жауап бере алмайды. Сауда ашық жерде жүргізілуде, өрт гидранттары көрінбейді, өрт сөндіру машиналары еркін өте алмайды. Базар иелері сатып алушылар мен саудагерлерге де жайлы және қауіпсіз жағдай жасауды ойға да алмайды. Ал, мемлекеттік органдар ешқандай мәселе жоқ секілді бейқам, тіпті, бұл жағдайдағы тәртіпті реттеуге тырыспайды», - деді Бердібек Сапарбаев.
А.Сейсебаев атап өткендей, соңғы екі жылда жеті базар («Нұрлы», «Ысты», «Салтанат», «Қайқармет», «Арзан», «Ауыл Береке», «Жібек Жолы») жаңғыртылып, жабық павильондар орнатылып, қақпалар қойылған.


Аймақ басшысы бұл шаралармен тоқтап қалуға болмайтындығын айтып, жаңғыртуды соңына дейін жеткізуді тапсырды. Осындай жұмыс басқа да базарларда жүргізілуде, денгенмен иелері уақытты созып, әлі күнге жаңа сауда қатарларының эскизін ұсынбауда. Көптеген кәсіпкерлер қаражаттың жоқтығына шағымданып, модернизациялау жұмыстары екі-үш жылда аяқталатындығын тілге тиек етті.

«Ешқандай сылтау қабылданбайды. Барлық базарлар тезірек ретке келтірілуі керек. Барлық базарлар үшін бірыңғай өлшемдер бекітілген. Олар: нысандардың санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға және өрт қауіпсіздігі талаптарына, қаланың архитектуралық келбетіне сәйкестіктері, елдің салық заңнамасын сақтау және POS-терминалдары мен кассалық аппараттарының болуы», - деп талап етті облыс әкімі.
Ол төтенше жағдайлар және мемлекеттік кірістер департаменттері бұл жағдайларға бас ауыртпайтынын баса айтты. Облыс әкімінің тапсырмаларының орындалуын арнайы мобильді топ қадағалап отыруы тиіс. Топ құрамына жоғарыда аталған департаменттер мен салалық басқарма өкілдерінен бөлек, полиция қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, сәулетшілер енеді. Жиынға бейне-байланыс режимінде қатысқан аудандар мен облыс орталығының әкімдеріне де осы мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізу тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар