Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысында іске асатын жобаға баға берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Жамбыл облысы халқының табысын арттыруға бағытталған ілкі жоба таныстырылды. Аталған жобаға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлығымыз Жамбыл облысының экономикасын жақсы білеміз, дотациялық өңір. Халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. Өзін өзі жұмыспен қамтитындардың ең көбі де осы Жамбыл өңірінде. Оның ішінде тұрақты табысы жоқ ауылда тұратындардың да 60 пайызы Жамбыл өңірінде екен. Сондықтан ұсынылған жоба өте дұрыс. Ең негізгісі ауылда тұратындардың өзін өзі асырап, тұрмысын жақсартуға үлкен септігін тигізеді», - деді вице-премьер.

Оның атап өтуінше, жобаның арқасында ең кем дегенде 90 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдардың саны азаяды.

«Біз бұл жобаны облыс әкімдігімен бірнеше рет талқыладық. Барлығын есептедік. Бірақ облыс әкімдігіне айтатын өтініш, біз көптеген жобаларды жүзеге асырғанымызбен кейде солардың нәтижесіне жетпей қаламыз. Сондықтан облыс әкімдігі мұны күнделікті бақылауы керек. Одан кейін ілкі ауылдық округтерде жақсы нәтиже болса, онда мұны басқа өңірлерге де енгізу керек», - Бердібек Сапарбаев.

Еске салсақ, Жамбылда халықтың тұрмысын жақсартатын пилоттық жоба жүзеге асатындығы туралы хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар