Бердібек Сапарбаев: ҮЕҰ өкілдерімен біріге жұмыс жасауға қашан да дайынбыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласының үкіметтік емес ұйымдары өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министрдің орынбасары ҮЕҰ өкілдерімен Қазақстан Президентінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы аясында маңызды мәселелерді талқылады. ҮЕҰ өкілдерімен бірге ЭКСПО ғимараттарының бірінде өткен жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысты.

«Бүгінгі кездесудің маңызы зор. Себебі, бәріміз де осы мемлекеттің дамуына, болашағына жауаптымыз. Кемшіліктер болса оған да жауап беретін – біз. Өйткені, бәріміз де қоғамның мүшесіміз. Үкіметтің мақсаты – үкіметтік емес ұйымдармен, қоғаммен жұмыс істеу. Үкіметтік емес ұйымдар халықты толғандыратын мәселелерді біледі. Соны бізге жеткізіп, мәселелердің шешілуі жолында біріге жұмыс істеуіміз керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Б.Сапарбаев Үкіметтің әрдайым Үкіметтік емес ұйымдармен біріге жұмыс жүргізуге дайын екенін атап өтті.

«Осы уақытқа дейінгі жұмыстардың бәрін білесіздер. Мемлекет тарапынан қандай көмек пен қолдаудың көрсетіліп жатқанын хабардарсыздар. Мәселен, осы отырыста қоғамдық кеңестер туралы мәселе айтылып жатыр. Келісемін – қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейтуіміз керек. Қоғамдық кеңес пен мәслихат бір бөлек. Әрқайсысының өзінің міндеті бар. Ал енді оларды сайлау жөнінде ешқандай қарсылық жоқ. Қоғамдық ұйымдар арқылы атқарылып жатқан шаруа елге жетуі керек. Халықтың шешілмей жатқан мәселелері қоғамдық ұйымдар арқылы айтылып, шешімін табуы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.









Соңғы жаңалықтар