Бердібек Сапарбаев Тараздағы аула абаттандыру жұмысын сынға алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, мердігерлердің сапасыз жұмысын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Тараз қаласындағы 163 ауланы абаттандыруға 2,3 миллиард теңге бөлінген. Аймақ басшысы атап өткендей, бұл орайда бюджет қаражатын ұтымды ұқсату аса маңызды.

Бердібек Сапарбаев алдымен Әйтеке би көшесіндегі №30 көпқабатты үйдің ауласындағы абаттандыру жұмыстарының сапасын тексерді. Құны 13,6 миллион теңгені құрайтын бұл жұмыстарды мердігер «ERK-Astana» жүргізуде. Бүгінде тұрғындардың өздері күтіп-баптауға белсене ден қойып, гүл мен көшет отырғызып, аумақты көркейтуге барынша атсалысуда.

Көпқабатты үйдің төрайымы Мадина Атажанова серіктестік директоры Эльнара Шилеевке және оның жұмысшыларына атқарылған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа аула арықтары арқылы су жеткізу мәселесін шешіп, жергілікті тұрғындардың көгалдандыру ісіне көмектесуді тапсырды.

«Үй тұрғындарының өз ауласын абаттандыруға, көшет отырғызып, гүлзарға күтім жасауға деген ынтасы қуантады. Тараздың барлық ауласы осы сияқты әдемі болуы керек», - деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін Б.Сапарбаев Желтоқсан және Дулати көшелерінің қиылысындағы суармалы арық жүйесін қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда 36 шақырымды құрайтын арық қалпына келтіріледі. Бүгінге дейін тек 8,5 шақырымы жөнделген. Бердібек Сапарбаев сылбыр жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін жатқан мердігер компанияны сынға алды.

Аймақ басшысы Жайлау шағын ауданындағы № 1,3,4,6,7 үйлердің аулаларын қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын да назарға алды. Бөлшектелген жиектастардың сапасына айрықша көңіл бөлді.

«Қандай мердігер жұмыс жасауда? Сіздер жарамсыз деп тапқан жиектастар әлі 10 жылға жарайтындығына күмәнім жоқ. Олардың бәрін ауыстырудың керегі қанша? Әлеуметтік желілерде өз наразылығын білдірген тұрғындардың шағымы орынды. Бұған кеткен ақшаны балалар мен спорт алаңдарын абаттандыруға жұмсаған абзал. Облыс әкімінің міндеті – қаражат тауып, бөлу. Ал орындалатын жұмыстардың сапасы, тиімділігі мен мерзіміне тікелей бақылау жүргізу қала әкімінің міндеті. Айтқазы Дәулетқұлұлы, мұны жеке бақылауға алыңыз, осындай негізсіз әрекеттерді тоқтату керек. Жұмысқа жауапсыздықпен қарауға болмайды»,- облыс әкімі Қарабалаевқа жүгінді.

Қала басшысы айтылған ескертулер бойынша ешқандай түсініктеме бере алмады.

Өңір басшысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевқа жақында облыс орталығының тұрғындары шағымданған жиектастарды ауыстыру және аулалардағы ағаштарды кесу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қаншалықты орынды екеніне талдау жүргізу бойынша тапсырма жүктеді.

«Бәйтерек» шағынауданындағы № 13, 14, 15 көпқабатты үйлердің аулалары да қарқынды абаттандырылуда. «Алимансур» ЖШС директорының орынбасары Мәмбет Сағынбековтің айтуынша, 25 мамырда басталған жұмыс 10 тамызға дейін аяқталмақ.

«Мұнда абаттандыру 2017 жылы жүргізілген. Мұнда да сол, сапалы жиектастар ауыстырылуда. Мұның не қажеті бар? Оның орнына жолдарды сапалы жөндеген дұрыс», - деді облыс әкімі ескерту жасап.

Өңір басшысының айтуынша, аулаларды абаттандыру кезінде мердігерлер жіберген кемшіліктер осыған жол берген қала әкімдігі басшылығының салғырттығы мен немқұрайлығынан орын алған. Бөлінген бюджет қаражатына тиісті бақылау болса, тиімділік арта түсер еді.



Соңғы жаңалықтар