Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы әкімінің жұмысын сынға алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының активімен кездесті. Кездесуге мәслихат депутаттары, ұлттық палата, қоғамдық бірлестіктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Басқосуда Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығы тұрғындарының барлық қолжетімді байланыс арналары, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы түскен хабарламаларында ескертілген көптеген кемшіліктерге қатысты жауап беруге мәжбүр болды.

Қала тұрғындары қалалық қызметтер мен тікелей Тараз әкімдігінің жұмысына байланысты 16 мыңнан астам өтініш жолдаған. Әлеуметтік желілерде Бердібек Сапарбаевтың атына қалалық әкімдіктің қызметіне қатысты 178 өтініш келіп түссе, оның 33-і ғана орындалған. Тұрғындарды негізінен қоғамдық көлік жұмысының нашарлығы, автобус аялдамаларының жай-күйі, жол жамылғысы, қоқыстың, ашық люктердің көптігі, ағаштарды заңсыз кесу және тағы басқа да түйткілді мәселелер толғандыруда.

- Қалалықтар өздерін толғандырған жайттарға орай облыстық әкімдікке қоңырау шалып, әлеуметтік желілер арқылы дабыл қағуда. Себебі ұйымдастыру жұмыстары әлсіз, тиісті бақылау жоқ, - деді аймақ басшысы.

Жолаушылар көлігінің тұрақсыз қозғалысы, ескі және тар автобустардың лас және ыңғайсыз салондары, жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетсіздігі қала тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан басты мәселелерінің бірі.

- Тараз қаласы әкіміне адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, маршруттарды жүйелендіру, жаңа, сыйымды автобустар сатып алу мәселесін шешу, электронды билеттендіру мен GPS-бақылауды енгізу бойынша тапсырмалар жүктелген болатын. Өкінішке орай, әлі күнге бірде-бір тапсырма орындалмады, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Тағы бір мәселе – Тараздың Абай, Қойгелді, Бейбітшілік және басқа да орталық көшелеріне қатысты болып отыр. Оларды жөндеу жұмыстары наурыз айында басталуы тиіс болғанымен, жоспар орындалмаған.

- Тараз әкімдігі ұйықтап отыр, қашан оянатыны белгісіз, - деді Бердібек Сапарбаев. Облыс әкімінің сөздері шұңқырлар, арық-жыралар көрініс тапқан слайдтармен сүйемелденді.

Таразды санитарлық тазалау жұмыстары да сын көтермейді, қаланың әр бұрыштарында қоқыс үйінділері жиналып қалған.

Айтқазы Қарабалаев тараздықтар карантин кезінде үйде отырып, қалдықтарды көп шығарып жатқандығын айтып, ақталуға тырысты.

- Мұндай жағдайда тиісті қызметтердің айналым санын арттырып, қоқыс контейнерлерін жиі тазалап отыру керек, - деді аймақ басшысы.

Соңғы жаңалықтар