Бердібек Сапарбаев «Тараз» футбол клубының ұжымымен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Футболдан еліміздің чемпионаты қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» ФК жаттықтырушылары және ойыншыларымен кездесті. Кездесуде тек ағымдағы маусымның міндеттері ғана емес, жалпы аймақ футболын дамыту стратегиясы туралы да жан-жақты сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бердібек Сапарбаев ойыншылармен жүздесуде Жамбыл футболын дамытудың егжей-тегжейлі бағдарламасын ұсынып, ол бойынша облыс басшылығының алдағы жылдарға арналған стратегиясы туралы кеңінен әңгімеледі. Мәселенің өзегіне үңілген облыс әкімі өз тәрбиеленушілерін

даярлаудың нақты бағытын анықтап берді. «Тараз» командасының негізі балалар мен жасөспірімдер футболы болып табылады. Осы орайда, нағыз таланттарды ауылдардан іздеуге баса назар аударған абзал. Тағы бір бағыт – бұқаралық спортты дамыту десек, бұл дарынды футболшыларды табуда өзінің оң ықпалын тигізетіні даусыз. Өткен жылдың өзінде облыстық биліктің күшімен 14 жабық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 92 футбол алаңшасы салынды. Нәтижесінде спортпен шұғылданатын жамбылдықтардың үлесі 30 пайыздан 35-ке артты, бұл республикалық орташа көрсеткіштен едәуір жоғары.


«Біз балаларды оқытумен қатар футболдың қыр-сырына баулитын мектеп-интернатын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, балалармен жұмыс істейтін жоғары білікті жаттықтырушыларды тартып, академия құру қажеттігіне назар аударудамыз. Сондай-ақ, түрлі турнирлерге қатыстыра отырып, барлық жастағы командаларды өзара тәжірибелерімен алмастырып отыру да аса маңызды. Біз ұзақ жылдар бойы үйлесімді жұмыс істейтін жүйені қалыптастырып, өзара сабақтастықты қамтамасыз етуіміз керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Алдыңғы басшылық өзіне жүктелген міндетті еңсере алмады, ендігі ол міндет клуб басшысы Талғат Тұрлыбайұлы бастаған спорт функционерлеріне

жүктеліп отыр.

Бүгінгі таңда командада да, жаттықтырушылар құрамында да үлкен өзгерістер орын алған. Команданы УЕФА PRO бапкерлік лицензиясына ие және Арменияның ұлттық құрамасымен нәтижелі табыстарға қол жеткізген Вардан Минасян басқармақ. Бапкерлер құрамына жергілікті мамандар Сергей Тагиев, Александр Кучма, Арслан Сатубалдин және Самат Наурызбаев енген.

Кездесуде сөз алған Вардан Минасян команда құрамы 60-70 пайызға жаңарғанын тілге тиек етті. «Басқа да ойнауға тұрарлық талантты жастар көп. Бірақ уақыт тапшы, сондықтан ресми матчтарда тәжірибе жинақтауға тура келеді», - деді ол.



Ия, бүгінде командада жас ойыншылар көп. Дәлірек айтсақ, чемпионатқа қатысатын 25 футболшының 18-і Жамбыл футболының тәрбиеленушілері.

Маусым аралық үзіліс кезінде команда Тараз, Шымкент қалаларында және Түркия елінде бірнеше оқу-жаттығу жиындарын өткізді.

Міндеттерге келетін болсақ, «Тараз» барынша тырысып, кем дегенде алтыншы орынға ие болуы тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан кубогі үшін таласу міндеті де қойылып отыр.

Кездесу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев командаға жаңа жайлы автобус сатып алынатынын айтып, облыс басшылығы өз алаңымызда өтетін барлық матчтарға қатысып, команданы қолдайтынына уәде берді.


Соңғы жаңалықтар