Бердібек Сапарбаев: Табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру қажет

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жамбылдық жер қойнауын пайдаланушылармен кездесіп, жиында өңірдің минералды-шикізат базасының мүмкіндіктері мен перспективалары сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға онлайн режимде қатысқан Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Руслан Баймишев, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев өз ойларын ортаға салды.

Руслан Баймишев бұл кездесу өзекті мәселелерді анықтауға және оларды шешу жолдарын табуға ықпал ететінін жеткізді.

«Мемлекет кәсіпорындарға қажетті қолдауды көрсетіп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеңілдетілген тәртіппен Жамбыл облысында пайдалы қазбаларды барлауға 60 лицензия берілгендігін атап өткім келеді. Кәсіпорындардың өз міндеттемелерін уақтылы орындауы үшін мониторинг жүргізу қажет. Министрлік осы мақсатта космомониторинг жүргізуге ниетті», - деді Руслан Баймишев.

Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев өңірдің жер қойнауын пайдалану және минералдық-шикізат базасының жай-күйін тілге тиек етті.

Облыстағы фосфориттер қоры жалпы республикалық көлемнің 72 пайызын, дала шпаты – 80,6 пайызын, алтын – 8,2, мыс – үш пайызын, уран – 0,7, көмір – 21,1, қорғасын – 15,4, мырыш – 3,4, гипс – 25,8 пайызын құрайды.

2020 жылғы 1 қазандағы деректер бойынша өңірде 320 жер қойнауын пайдалану объектісі тіркелген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 63,2 миллиард теңгені құраса, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 5,6 миллиардқа артық.

Жиында жер қойнауын пайдаланушылардының келісімшарт талаптарын орындау қажеттігіне назар аударылды.

Сонымен бірге 2019 жылы бірқатар жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазбалар бойынша келісімшарт талаптарын орындамаған. Осы компанияларға шара қабылдау үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хат жолданды.

«Тағы бір өзекті мәселенің бірі – жергілікті жер қойнауын пайдаланушылардың өңірден тыс жерде тіркелуі. Қатты, көмірсутекті пайдалы қазбаларға, жерасты газ қоймасына жасалған 50 келісімшарттың тек сегізі ғана облыста тіркеуде тұр. Сондай-ақ 9 жер қойнауын пайдаланушы өз филиалдарын облысқа тіркеген. Қалған 33 келісімшарт бойынша компаниялар өңірде әлі күнге дейін тіркелмеген. Барлық кәсіпорындар біздің облыста тіркелуі қажет. Олар өңірдің экономикалық дамуына өз үлесін қосуы тиіс» - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы ірі кәсіпорындар жергілікті жердегі шағын және орта бизнесті қолдауға және олардың өндірген өнімдерін пайдалануға шақырды.

Кездесуде компания өкілдері де сөз алды. «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры Мұқаш Ескендіров , «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі Еркебұлан Мырзағалиев өндірістік көрсеткіштер, әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы, жұмыс орындарын құру, салық аударымдары туралы әңгімеледі.

«Monterra Qazaqstan» ЖШС бақылау кеңесі төрағасының орынбасары Нұрлан Сейдәлі, «Мыңарал Тас Компани» ЖШС директоры Мұртаза Бұлутай да өз кәсіпорындарының жұмысы туралы айтып берді.

«Біздің еліміз өз жер қойнауының байлығы мен алуан түрлілігінің арқасында шикізатқа бай державалардың қатарында көш басында келеді. Табиғат байлығымен Жамбыл облысы да мақтана алады. Өңірдің әлеуеті толық игерілуі тиіс. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бұл байлықты ақылмен пайдалану қажет», - деп қорытындылады облыс әкімі.

Айта кетейік, кездесу «Қазфосфат» ЖШС базасында өтті. Серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров облыс әкіміне зауыт жұмысы туралы баяндап, минералды тыңайтқыштар өндірісін жылына 500 мың тоннаға жеткізу үшін зауыттың екінші кезеңінің құрылысы туралы мәлімдеді.

Бердібек Сапарбаев зауыттағы цехтар мен қоймаларды аралап көрді.


Соңғы жаңалықтар