Бердібек Сапарбаев: Шетелдік жұмыс күшіне жыл сайынғы квота 30 мыңнан аспайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шетелдік жұмыс күшіне берілетін жыл сайынғы квота 30 мыңнан аспайды. Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапханада зиялы қауым өкілдерімен кездескен вице-премьер Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ескі технологиясы бар бірде-бір зауыт Қазақстанға келмейді. Бұл ең бірінші талап болатын. 55 зауыт бола ма, басқа ма, олардың барлығы жаңа технологиялармен жұмыс істейді. Екіншіден, экономикамыз дамуы үшін инвестициялар қажеттігін жақсы білесіздер. Мұнсыз болмайды. Біздің инвестициялар жеткіліксіз. Қазақстан экономикасының дамуының жалғыз көзі – бұл түсіп жатқан инвестициялардың нәтижесі. Болжам бойынша, аталған 55 зауыттың есебінен Қазақстанға 28 млрд доллар инвестиция келеді. Бірақ біз кімнің келетінін, онда кімдер жұмысқа тартылатынын қарайтын боламыз. Бізде заң және тәртіп бар. Жыл сайын шетелдік жұмыс күшін тартуға квота бөлінеді. Квоталардың саны 23 мыңнан басталады, бірақ 30 мыңнан аспайды. Зауыт салынғаннан кейін осыншама жұмыс орны құрылуы тиістігі туралы айтамыз. Мысалға, қытайлық инвестицияларға байланысты 20 мыңнан кем емес жұмыс орны құрылуы қажет. Шетелдік жұмыс күшіне 23 мың адам көлемінде квота бөлінді. Олардың ішінде қытайлықтар да, еуропалықтар, үндістер және тағы басқалары бар. Соның арасында қытайлықтарға квота 4300-ді құрайды. Үш жыл бұрын оларға квота 12 мыңды құраған болатын», - деді Б.Сапарбаев.

Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, Үкімет шетелдік жұмыс күшінің тым асыра ағылуына жол бермейді. Себебі бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатына кереғар. Онымен бірге, Үкімет біліктілігі төмен шетелдік жұмысшыларды елге кіргізуге тыйым салатын қатаң ережелерді бекітті. Бұл ретте, егер шетелдік компания Қазақстанда қажетті мамандарды таппаса оған квота беріледі. Бірақ онда да бір шартпен – белгілі бір уақыт ішінде мұндай мамандарды қазақстандық қызметкерлер арасынан дайындап шығуы тиіс болады.

Сондай-ақ Б.Сапарбаев атап өткендей, қазір қазақстандықтармен салыстырғанда шетелдік жұмысшылардың жалақысының негізсіз көп болуына тексеріс жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар