Бердібек Сапарбаев пен Бақыт Сұлтанов көпбалалы отбасылармен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 23-24 сәуірде Сарыарқа және Есіл аудандарының аз қамтылған және көпбалалы отбасыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге Денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Білім және ғылым вице-министрі Э. Суханбердиева, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы М.Жайымбетов қатысты.

Еңбек министрлігінің басшысы Тұңғыш Президент - Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасы аясында ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап 1,1 миллион азаматтық қызметкердің жалақысы 30 пайызға дейін өсетінін еске салды.

1 сәуірден бастап жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге құжаттар қабылдау жүргізілуде, оған биыл 830 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданында АӘК алушылар саны 1516-дан 2211 адамға дейін, Есіл ауданында 506-дан 737 адамға дейін өседі. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жаңартылған АӘК алушылар шамамен 7 мың адам болады.

Бұдан басқа, «Е-Халық» ақпараттық жүйесінің көмегімен АӘК-ге құжаттарды беру тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Жәрдемақыны алу үшін жеке басын куәландыратын құжат және өтініш беру керек. Жүйеде қажетті ақпарат болмаған кезде жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері немесе әкімдер тиісті мемлекеттік органдарға жазбаша өтініш жасайды. Бұл ретте өтініш беруші өзі қажетті құжаттарды ұсынуға құқылы.

Сонымен бірге, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілуде. Осылайша, көпбалалы ауылдықтардың жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және табысын арттыру үшін 505 мың теңге мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілетін болады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы ауылдағы көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға 5 мың микрокредит бөлінеді.

Сонымен қатар, көпбалалы аз қамтылған ауылдық отбасылар үшін сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Жекелеген жұмыс түрлері бойынша жалақыны субсидиялаумен үйде әлеуметтік жұмыс орындары құрылатын болады.

Сондай-ақ, Министрлік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі. Әлеуметтік пакетте жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет көрсетудің 11 шарасы қамтылған.

Министр еңбекке қабілетті азаматтар тек мемлекеттің қолдауына сүйеніп отырмай, еңбек етіп, өзінің әл-ауқатын арттыруы тиіс екенін ерекше атап өтті.

«Мен көп балалы отбасында өстім. Жас кезімізден біз «ата-анамыздың мойнында отырмас» үшін жұмыс істедік. Мен жақсы оқыдым, сондықтан жоғары стипендия алдым, оқудан кейін жүк тасушы болып жұмыс істедім, көкөніс салынған жәшіктерді тиедім. Кейбір адамдар қазір жұмыс істемейді. Жұмыс жоқ дейді, ал ұсынған кезде бас тартады. Жас ұрпақты бала кезінен еңбекке үйрету керек», - деді ол.

Өз сөзін қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасы кешенді сипатқа ие, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді мақсаттармен байланысты екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар