Бердібек Сапарбаев: Оңалту құралдары мүгедектігі бар азаматтардың өмірін жеңілдетуі тиіс

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауға жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Кеңеске жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, еңбек инспекциясы, мемлекеттік кіріс басқармаларының, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменттерінің, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Кеңеске қатысушылар атаулы әлеуметтік көмек көрсету, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамту және қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау мәселелерін қарады.

«Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап, АӘК бойынша кеңес алу үшін уәкілетті органдарға 14314 адам жүгінді. Олардың барлығына толық жауаптар мен ұсыныстар берілді. Бүгінгі күні 32 670 адам тұратын 5 748 отбасына жалпы сомасы 1,3 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді», - деп хабарлады Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серик Шапкенов.

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды.

Министр ел Президентінің тапсырмасына сәйкес жергілікті жерлерде АӘК тағайындау және төлеу кезінде бұзушылықтарға жол бермеуді қамтамасыз ету, учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейту және еңбекке жарамды жәрдемақы алушылармен әлеуметтік келісім-шарттар жасасу қажеттігін атап өтті.

Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту Еңбек министрі баса назар аударған маңызды мәселесінің бірі болды.

«Ағымдағы жылы жастарға, мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жеңілдікті микрокредиттер беру, өз бизнесін ашуға арналған гранттар, үйден әлеуметтік жұмыс орындарын құру, бизнестің негіздерін оқыту және техникалық мамандықтар талап ететін мемлекеттік қолдау шараларының аясы айтарлықтай кеңейе түсті. Президент тапсырмасына сәйкес бұл мақсатқа қосымша 50 млрд теңге бөлініп отыр», - деді министр.

Сондай-ақ, кеңес барысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары талқыланды. Ведомство басшысы осы санаттағы азаматтарды сапалы және техникалық талаптарға толық сәйкес келетін техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Техникалық құралдардың қолдануға ыңғайлы болуы мен өмірді нақты жеңілдетуі маңызды мәселе. Осыған байланысты Ақтөбеде «Әлеуметтік қызметтер порталы» пилоттық жобасын жүргізу басталды. Бұл портал мүгедектігі бар азаматтарға өз бетінше, мемлекеттік сатып алуға қатыспай, жеке қажеттіліктерін ескере отырып, өзідеріне керекті техникалық оңалту құралдарын мен қызметтерді таңдауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, министрліктің маңызды басымдығы - мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мен өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады», - деді Сапарбаев.

Еліміздің барлық облыстарында оңалту орталықтары жұмыс істеуі тиіс. Келесі кезең аудандарда шағын жинақты орталықтардың ашылуы болмақ, деп атап өтті министр.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың мамыр айында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар қабылданды. Ол жоспарға әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру сияқты шаралар кешені кіреді.

Өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларына қаратып айтқан сөзінде Бердібек Сапарбаев қызметкерлердің еңбек құқықтарының мүлтіксіз сақталуы, қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жалақы бойынша берешек мәселесі мен қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің кемсітушілігіне жол бермеу қажеттігін еске салды.

Сонымен қатар, Атырауға жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар