Бердібек Сапарбаев мерзімі кешіккен құрылыс-жөндеу жұмыстарын сынға алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында жөндеу-құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы алдымен аудандағы Қостөбе ауылына ат басын бұрды. Ондағы орта мектеп жанынан «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт зал, мәжіліс залы, үш оқу кабенті мен асхананы қамтитын қосымша ғимарат салынуда. Бас мердігер «Тараз Ирригация» ЖШС нысанды биыл тамызда пайдалануға беруі керек болатын. Мерзімнен кешіккені үшін кәсіпорынға 3 млн теңге айыппұл салынды. Тапсыру мерзімі 18 қарашаға созылды.

«Құрылыс екінші айға созылуда, ал оқу жылы әлдеқашан басталған. Жақында екінші тоқсанға аяқ басамыз. Жұмыстарды жеделдетіп, екінші тоқсан басталғанға дейін аяқтау қажет. 1 қарашаға дейін нысан тапсырылуы тиіс», - деді облыс әкімі.

Б.Сапарбаев жоспардан тыс Қостөбе ауылындағы Әулиеата мен Қонаев көшелеріне ат басын бұрды. Бұл көшелерде үш айдан бері жолдар, тротуарлар мен арықтардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайды.


«Жұмыс тым ұзаққа созылды. Мен екі ай бұрын осында болған кезбен салыстырсам өзгеріс көп емес. Бұл өте қымбат жоба, мұны қабылдауда өте мұқият болыңыздар. Биыл аудан тұрғындарының әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге бюджет қаражатынан 12,9 миллиард теңге бөлінді. Дегенмен кейбір жобаларды жүзеге асыру мерзімдері кешіктірілуде. Келер жылы қаражатты бөлу кезінде бюджет ақшасын барынша тиімді пайдаланатын аудандарға басымдық берілетінін ескеріңіздер», - деді өңір басшысы аудан әкімі Нұржан Нұржігітовке қарата.

Ал, Бурыл ауылында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Мұнда гимнастикалық және ойын залдары болады. Жобаның құны 349 миллион теңгені құрайды. Мердігер «Тараз құрылыс Дизайн» нысанды ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Бердібек Сапарбаев әкімшілік үй-жайларды қысқарту арқылы спорт залдарының аумағын барынша кеңейтуді тапсырды.

Оған жақын маңда 180 орындық Мәдениет үйі бой көтеруде, ол да қазан айының соңына дейін тапсырылмақ. Облыс әкімі мердігерлер ғимараттың ішкі құрылысына ғана емес, қасбеттің безендірілуіне де жауапкершілікпен қарау керектігін атап өтті. Жергілікті Жеңіс саябағында да абаттандыру жұмыстары басталыпты. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айына дейін аяқталатын болады.

Сондай-ақ, Түймекент орта мектебіндегі күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Қазір еңбек сабақтарына арналған шеберхананы жөнделіп жатыр. Ал демеуші есебінен киім шешетін орын салынуда. Сондай-ақ, демеушілік қаражатқа мектеп аумағының бір бөлігін асфальттау жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар