Бердібек Сапарбаев мемлекеттік бағдарламаны пайдаланбайтын әкімдерді сынға алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы активінің бүгінгі отырысында өңірдің биылғы жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапабаев, ҚР Парламенті мәжілісінің, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер қатысты.

Есепті кезең ішінде мемлекет басшысының экономиканың 5 пайыздық өсіміне қол жеткізу тапсырмасы орындалған.

Облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің өсімі - 5,1%, ауыл шаруашылығы - 4,7%, құрылыс - 8,8% құраған. Биыл пайдалануға берілген тұрғын үйдің аумағы өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 13,9%-ға көп.

Шағын және орта бизнес субъектілері 5,6% көбейді. 9,6 мың жұмыс орны құрылды. Негізгі капиталға түсетін инвестиция көлемі 190 млрд теңгені құрап, 10,6% өскен.

- Біз Президент тапсырмасын толықтай орындадық. Биылғы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан жоғары. Қолда бар қор мен әлеуетті ескере отырып, жыл соңына дейін осы қарқынды сақтаймыз деп сенемін, - деп атап өтті облыс әкімі.

Осы жылы өңір экономикасына бюджет қаражатынан тыс 32 млрд теңге (2017 ж. - 29 млрд теңге) тарту, жалпы сомасы 56 миллиард теңгеге мемлекеттік-жеке меншік әріптестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 128 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Облыс әкімі қол астындағыларды өңірдің соңғы алты ай ішіндегі дамуына сүйене отырып, кемшіліктермен жұмыс жүргізуге шақырды.

Әсіресе мемлекеттік-жеке меншік әріптестік пен ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама мүмкіндіктерін пайдаланбайтын ауыл әкімдері сынға ұшырады.

- Өткен жылдың соңында біз жұмыстың тиімділігін көтеру қажеттігін айтқан болатынбыз. Өкінішке қарай, бұдан бәрі бірдей дұрыс нәтиже шығарған жоқ. Мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс істемейтін ауылдық округ әкімдерінің атқаратын қызметіне сәйкестігін қарастыру керек, - деп тапсырды өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

 

Соңғы жаңалықтар