Бердібек Сапарбаев Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев ведомствоның 2018 жылғы атқарылған жұмыс қорытындылары туралы Қоғамдық кеңес алдында баяндама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің сайтына сілтеме жасап.

Еңбек министрлігінің басшысы жаңа әлеуметтік шаралар - бұл Елбасының дәйекті саясатының нәтижесі және бұрын жүзеге асырылған шаралардың қисынды жалғасы екенін атап өтті.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықтың жұмысқа орналастыру және нәтижелі жұмыспен қамтылуы мен табысын арттыруға бағытталған әділ әлеуметтік саясат жалғасатын болады», - деді Б.Сапарбаев.

Ол Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының іске асуы ведомство жұмысындағы бірінші және ең маңызды басымдық екенін атап өтті.

Енгізілген түзетулер ескеріле отырып, биыл 1 сәуірден бастап 273 мың отбасыға орташа мөлшері 105 мың теңгені құрайтын жалпы сомасы 55 млрд теңге АӘК төленді.

Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көмектің 11 түрін қамтитын бірыңғай қызметтер пакеті мен әлеуметтік қолдау шаралары әзірленді.

«Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін өңірлерде жеке бастамалар есебінен әлеуметтік жобалар, сондай-ақ кәсіпкерлер тарапынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдау жөніндегі жобалар іске асырылуда.

Мүгедектігі бар адамдарды қолдау жүйесін жақсартуға, сондай-ақ осы саланы цифрландыруға аса маңызды мән беріледі», делінген хабарламада.

2018 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға республикалық бюджеттен 296,5 млрд теңге көзделген. Биыл 28 мамырда 2025 жылға дейін Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жаңа ұлттық жоспар қабылданды. Бұл жоспарға әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және т. б. шаралар кешені кіреді.

Баяндама барысында халықтың табысын арттыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері атап өтілді.

«Тұңғыш Президенттің қазан айындағы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни, 28 мыңнан 42,5 мың теңгеге дейін, ал 2019 жылдың 1 маусымынан бастап бюджет саласының табысы төмен қызметкерлерінің жалақысы 30% - ға дейін өседі. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1,1 миллионнан астам азаматтық қызметшілер осы айда көбейтілген жалақы алады» - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

2018 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 628 мың адам қамтылды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша барлығы 497 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның 379 мыңы тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.

2019 жылы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру жұмыстары жалғасатын болады. Бүгінде Еңбек министрлігінің 38 мемлекеттік қызметінің 13 - і электрондық форматта көрсетіліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 22 мемлекеттік қызмет электрондық және проактивті форматта қолжетімді болады.

Жалпы алғанда, мемлекет бюджеттен төленетін әлеуметтік көмек пен жәрдемақылардың 39 түріне кепілдік береді. Мәселен, 2018 жылы 3,8 млн адам (халықтың 20,9%) жалпы сомасы 2,5 трлн теңгені құрайтын жәрдемақы алған болса, 800 мың адамға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен бөлінетін 190 млрд теңге төленді.

2019 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке бөлінетін қаражат көлемі 379 млрд.теңгеге өсіп, 2,9 трлн. теңгені құрады. Бұл республикалық бюджет шығыстарының 27%-на тең.

Баяндаманы талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері көтерген бірқатар өзекті мәселелер мен ұсыныстарға толыққанды жауап берілді. Кездесу қортындысы бойынша Қоғамдық кеңестің мүшелері ведомствоның өткен жылғы жұмысына оң баға беріп, Министрліктің бастамаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ, реформалар мен өзгерістерді насихаттауға белсенді түрде қатысуға дайын екендіктерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар