Бердібек Сапарбаев израильдік инвесторлармен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев израильдік инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысымен жүздесуге израильдік LR GROUP трансұлттық корпорациясының өкілдері келді. Компания негізінен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырумен айналысады.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары мен тиісті басқарма басшылары қатысты.

Бердібек Сапарбаев қонақтарды Жамбыл облысының әлеуетімен қысқаша таныстырып, ауыл шаруашылығы саласы экономикалық дамудың негізгі көзі

екенін атап өтті. Басты мәселенің бірі ретінде ол суармалы судың көрші Қырғыз еліне тәуелділігін және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кенжелеп тұрғанын атады. Жергілікті билік дәл осы жағдайды ескере отырып, израильдік мамандардан ынтымақтастық күтеді. Облыс билігі өз тарапынан жер бөлуге және құрылыс инфрақұрылымына жәрдем көрсетеді. Ал «Тараз» ӘКК жобаларға атсалысуға ниетті.

LR GROUP компаниясының өкілі Михаил Рой бүкіл әлем бойынша үш мыңнан астам адам еңбек ететін компания қызметінің ауқымы туралы айтып берді.

«Қазақстанның ауыл шаруашылығында нәтижелі жұмыстар бар, Израиль технологияларының қолдауы да саланың қарыштап дамуына үлес қосады.

Талайға белгілі, израильдіктер шөлді аймақтарда да аграрлық секторды дамыта алған. Сондықтан да, олар заманауи технологиялар, сапалы менеджмент және

жергілікті кадрларды оқытуда нәтиже береді. Суды үнемдеуге келетін болсақ, Израильде шағын фермалардың қажеттіліктері үшін шағын ылғал жинақтағыштар кеңінен тараған, аталған технология бүгінде өз жемісін беруде»,-деді ол.

Ал, Марк Велтман атап өткендей, қазіргі уақытта LR GROUP 2,5 миллиард долларды құрайтын жобаларды іске асырған, тағы 1,6 миллиард доллардың жобалары аяқталуға жақын. Компанияның кәсіпорындары ТМД-да, соның ішінде Ресей, Беларусь, Өзбекстанда іске қосылған. Компания тек технологиялық шешімдерді ұсынып қана қоймай, сонымен қатар бірлескен инвестор ретінде де әрекет етуге дайын. Мәселен, Ресей және Сербия арасында сүт кластері осы шарттар аясында жүргізілуде. Негізіннен израильдіктер әріптестік жұмыстың алғашқы сатысында 50/50 тең негізде жұмыс істеуді жөн көреді, бірақ олар өзге де

ұсыныстарды қарастыруға дайын.

«Біз ауыл шаруашылығы дақылдарын, әсіресе, күрішті суаруға қандай су көлемі жұмсалатынына таң қалдық. Сіздерге ылғалды тиімді пайдалануды үйрену өте маңызды», - деп атап өтті Марк Велтман.

Сондай-ақ израильдіктер 400 доллар тұратын отбасылық суару жүйелерін ұсынып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасының қатысушылары үшін таптырмайтын мүмкіндік болмақ.

Бұдан бөлек Жамбыл облысындағы шалғай жатқан ауылдарына көп шақырымдық электр желілерін тартудан гөрі, шағын күн қондырғыларын орнату тиімді. Осы орайда компанияның баламалы энергетика бағытына жауапты Йотам Рац жергілікті жерде табысты жүзеге асатын шешімдерін ұсынды.

Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев он күн ішінде ұсыныстарды зерделеп, содан кейін ғана әр бағыт бойынша нақты сөйлесуге болатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар