Бердібек Сапарбаев дәрі-дәрмек бағасының қымбаттау себебін айтты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қостанайдың қоғам белсенділерімен кездесуі барысында медицина саласына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында сөз алған Серік есімді жергілікті тұрғынның сөзінше, соңғы жылдары Қостанай облысының медициналық мекемелеріне жақсы жағдай жасалған. Шалғай ауылдардағы емханалар жас мамандармен қамтылды. Алайда, қажетті дәрі-дәрмектер құны айтарлықтай өсіп кеткен. Әсіресе, зейнеткерлер осы мәселеге алаңдаулы.

«Облыс орталығындағы дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бағасы ай сайын өзгереді. Мен Ресей мемлекетіне жиі барып тұрамын. Ол жақта бағаны біздің елдегімен салыстыруға мүлдем келмейді. Денсаулық сақтау министрлігі неге ай сайын мониторинг жасап тұрмайды? Шымкенттегі фармацевтика зауыты қашан дамиды? Үкімет бұл тұрғыда қандай шаралар жасайды?», - деп сұрады ол.

Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, медицина саласының 2025 жылға дейінгі Даму бағдарламасы дайындалды. Дәрі бағасы Үкіметтің тікелей бақылауында.

«Дәрі-дәрмек бағасының себепсіз өсуі туралы бізге шағымдар келіп жатады. Бұл мәселемен жақсы таныспын. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу және фармацевтика саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу бойынша тапсырма берді. Елімізде дәрі-дәрмектің 7800 түрі бар. Оның ішінде 3200 дәрі номенклатурасының бағасы мемлекет тарапынан бақыланады. Жауапты сала мамандары бұл жағдайды назарда ұстайды. Алдағы уақытта бұл дәрілерге бір ғана баға қойылады. Өкінішке қарай, Қазақстан дәрінің 70 пайызға жуығын шетелден сатып алады. Сондықтан отандық фармацевтиканың тамырына қан жүгірту үшін арнайы жоспар да құрылған. Ал Шымкент зауытына қатысты айтарым бар. Ол зауытқа шамалы уақыт қажет. Жақында Үкімет басшысымен аталған зауытта болдық. Мемлекет барынша қолдау көрсетеді», - деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.

Жиында белгілі болғандай, алдағы жылдары облыстың аудандық, қалалық ауруханалары заман талабына сай қондырғылармен жабдықталады.

«Біздің мақсатымыз – денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті бір жолға қою. Бұл материалдық-техникалық базаны нығайтып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге жол ашады. Еліміздің бірқатар өңірлері үшін өткір тұрған оңалту орталықтарының мәселесі де шешімін табады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетсек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бүгін Қостанай облысының жұртшылығымен кездесті.

Соңғы жаңалықтар