Бердібек Сапарбаев цифрландыруды енгізуге қатысты жұмыстарды сынға алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі цифрландыруды енгізуге бағытталған жұмыстардың әлсіздігін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әкімдікте өткен басқосуда аймақ басшысы саладағы жауапты тұлғаларға тағы да нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, білім беру саласында жаңа оқу жылы басталғанға дейін ақпараттық жүйелерді біріктіру бойынша жұмыстарды аяқтау тапсырылды. Әр мектепте полиция бөлімдері мен жедел басқару орталығына байланыстырылған бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс. Сондай-ақ, әлеумет-еңбек саласында электрондық қызмет көрсету үлесін 70 пайызға дейін жеткізу, әлеуметтік ID-картаны іске қосу міндеттері қойылды.

«Ел Президенті нақты міндеттерді айқындап берді. Үкімет оларды орындауға бағытталған шараларды белгіледі. Бірақ стратегиялық мақсаттарға жету жолында кідіріс байқалуда. Цифрландыруды жүзеге асыруда біздің облыс республика бойынша артта қалғандардың қатарынан көрініп отыр. Біз бұл туралы жыл басынан бері айтып келеміз, бірақ нәтиже көрінбейді. Әлі де сол қалпында. Мұның бәрі жауапты тұлғалар тарапынан тиісті бақылау мен талаптың жоқтығының салдары», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.


Тараз қаласы бойынша мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, «Ашық әкімдік» фронт офисін құру қажет. Пәтер иелері мен сервистік ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты жетілдіріп, көшелерді жарықтандыруды басқару жүйесін реттей түскен ләзім. Көлік саласында автобустарда электронды билеттендіруді енгізу міндеті баяғыша өзекті мәселе күйінде қалуда.

«Бұған дейін өткен кездесуде жауапты тұлғалар алға қойылған міндеттердің ағымдағы жартыжылдықтың аяғына дейін орындалатынына сендірген еді. Енді ол мерзім қазан-қараша айына ауысыпты. Ол үшін себеп тауып, коронавирус, карантинді алға тартуда. Цифрландыру бойынша жұмыстарды бір айдан соң қайта қараймыз. Сұраныс қатаң болады. Бізге жай сылтау, бос сөздер емес, нақты нәтиже керек», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар