Бердібек Сапарбаев «Бейбітшілік қабырғасының» мағынасын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзі басқарып отырған өңірдің елордаға тартуы - «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің мағынасы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білесіздер, Астананың 20 жылдығына байланысты Мемлекет басшысы өңірлердің әрқайсысы өзінің сыйлығын Астанаға тарту етуі жөнінде тапсырма берген болатын. Біз Елбасының қазіргі таңда дүниежүзінде бейбітшілікке байланысты жүргізіп отырған саясатын ескере келе, оның үстіне бүгін 29 тамыз - ядролық сынақтарға қарсы күн болғандықтан, «Бейбітшілік қабырғасын» сыйға тартып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз - «Бейбітшілік қабырғасы» арқылы Елбасының дүниежүзінде бейбітшілікті сақтау жөнінде жүргізіп отырған саясатын көрсету болып табылады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Әкімнің айтуынша, қабырғада көлемі 611 шаршы метрлік LED-экран тұр. Онда 27 жылдағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік жолында жүргізген барлық жұмыстарын, шараларын көруге болады.

«Келешекте ол экраннан Астанада болып жатқан барлық жұмыстарды көрсетуге болады. Екіншісі қабырға - ядролық жарылысты тоқтату қабырғасы болып есептеледі. Жапырақтың не екенін білесіздер. Ол - бейбітшіліктің белгісі. Қабырғада «Бейбітшілік» деген сөз 51 тілге аударылып жазылған. Яғни, оның мағынасы - әлемде бейбітшілік болу үшін оған барлық мемлекеттері, ұлттар өзінің үлесін қосу керек», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысы Астананың 20 жылдығына «Бейбітшілік қабырғасы» монументін сыйға тартты. Монументтің бүгін өткен ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

 

Соңғы жаңалықтар