Бердібек Сапарбаев Балаларды қолдау орталығын ашуды ұсынды

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Балаларды қолдау орталығын ашуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Өткен жылды қорытындылап, 2018 жылдың жоспары құрылған жиын кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мәселен, соңғы жылдары Алға балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны күрт төмендеген. Алдағы уақытта уақытша бейімдеу орталығы мен балалар үйі біріктіріліп, бір мекеме құрылуы мүмкін. Бұл ұсынысты өңір басшысы Б.Сапарбаев та қолдады.

«Балалар үйінің атауын өзгертетін уақыт жетті. Қазіргі кезде Алға балалар үйінде152 бала тәрбиеленіп жатыр. Бәлкім Балаларды қолдау орталығын ашуға болатын шығар. Біз балалар үйін мүлде жабу үшін жұмыс істейміз. Балаларды патронаттық тәрбиеге беріп, олардың отбасында тәрбие алуына күш салуымыз қажет. «Мейірім» орталығы да ашылды. Қазір біз үшжақты меморандумға қол қоюды міндеттеп жатырмыз. Демеуші әрі қорғаншы, бала мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бар. Балалар оқу орнын бітірген соң пәтерлі болуы үшін жұмыс істейміз»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, соңғы 10 жылда Ақтөбе облысында 300-ден астам жетім бала баспаналы болды. Қазіргі кезде 3 мыңнан астам ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім бала пәтер кезегінде тұр.

«Барлығы 941 жетім балаға әлеуметтік патронаттық сүйемелдеу бекітіліп, олардың есепшоттарына жалпы сомасы 62 миллион теңге жиналды. Бағдарлама шеңберінде 14 бала баспаналы болып, 14 бала құжатын қайта дайындап жатыр. Әйтеке би, Қарғалы, Ырғыз аудандары балалардың есепшотын толықтыруда нашар жұмыс жүріп жатыр»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Соңғы жаңалықтар