Бердібек Сапарбаев: Балалар өз өлкесінің тарихын біліп өсуі керек

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жуалы ауданындағы «Көксай» этнотуристік кешенінде өткен кездесуде Жамбыл облысындағы туризм секторының әлеуеті және оны дамытуға қатысты міндеттер сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік және туристік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Туризм басқармасының басшысы Жалғас Мұртаза өз баяндамасында пандемия кезінде туризм экономиканың ең көп зардап шеккен салаларының бірі болғанын атап өтті.

Ол туристік бизнес өкілдерін аймақтағы туристік ахуалды жақсарту жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

«Облысымызда жыл сайын жаңа тарихи, мәдени және туристік орындар ашылуда. Мысалы, біз қазір тұрған «Көксай» этно-туристік кешені солардың бірі. Осыған орай туристік маршруттарды жаңарту туралы шешім қабылданды», - деді ол.


Спикердің айтуынша, жақын арада облыстың негізгі туристік нысандары «Google maps», «Google earth» карталарына қосылмақ.

Бүгінде мемлекеттік лицензиясы жоқ, аттестациядан өтпеген гидтермен, туристік қызмет көрсететін заңсыз экскурсоводтармен және тур ұйымдастырушылармен күрес жүргізілуде. Осындай бұзушылықтардың алдын-алу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған.

Жалғас Мұртаза өңірдегі тарихи-мәдени туризімнен бөлек, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда облыс орталығында жас туристер станциясын ашу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселені шешуге тек туризм басқармасы ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар, туристік бизнес өкілдері де атсалысуы керек»,-деді Ж.Мұртаза.

Кездесуге қатысушылар тақырыпқа қатысты орамды ойларымен бөлісіп, түрлі ұсыныстарын ортаға салды.

«Жамбыл Сервис» ЖШС директоры Валерия Баутева балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға жан-жақты қолдау қажет деп санайды. Ол облыс әкімдігі жанынан жауапты органдардың қызметін үйлестіретін кеңес құруды ұсынды.


Ал, «Арк» ЖШС директоры Ескендір Төрбеков те маңызды мәселелеге назар аудартып, ішкі туризмді дамытудың өңірлік бағдарламасын жасау, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен ақша қарастыру қажеттігін алға тартты.

Бердібек Сапарбаев барлық ұсыныстарды қолдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

«Тараз қаласы – Ұлы Жібек жолындағы ең көне қалалардың бірі. Мұнда туристік кластерді дамытуға барлық жағдай баршылық, оны тек ұтымды ұқсата білу керек. Бұл орайда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істегені абзал. Патриоттық тәрбие беруде жоғары рөлге ие жасөспірімдер туризімін дамыту қажет. Балалар өз өлкесінің тарихын біліп өсуі тиіс. Бұл іске білікті мамандарды тарту – аса маңызды», - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев кәсіби кадрларды даярлау мәселелеріне тоқталып, туристерге облыс туралы жан-жақты ақпарат бере отырып, өңірде қажетті көлік-логистикалық инфрақұрылымын құрудың маңызын тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар