Бердібек Сапарбаев: Ауылда жұмыс істеуге ұмтылу керек

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданында бірқатар шаруа қожалықтары мен кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында корановирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты іс-қимыл шараларын тексерді. Сонымен қатар 13 нысанды аралап, ауданның қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардар болды.

Бердібек Сапарбаев алдымен Ақтоған ауылындағы Тілеміс батыр атындағы №4 орта мектепке барды, онда Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек білім беру саласының жай-күйі туралы баяндады. Аудандағы 36 мектептің төртеуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл Гранитогорск ауылында жаңа білім шаңырағы бой көтереді. Қазіргі уақытта оқушылар «Балапан» телеарнасы арқылы қашықтан оқуда.

Бұдан кейін бірқатар ақтоғандықтармен кездескен өңір басшысы оларды босқа қарап отырмауға, өз отбасы мен туған ауылдың игілігі үшін еңбек етуге шақырды.

- Індет мәңгі созыла бермейді, бүгінгі күні босаңсуға, жалқаулыққа жол жоқ. Ауылда жұмыс істеуге ұмтылу керек. Бұл, әсіресе жастарға қатысты. Бақша өсіріңіздер, өздеріңізді көкөністермен қамтамасыз етіңіздер, үйлер мен көшелерді көркейтіңіздер. Біз ең үлгілі ауыл бойынша байқау жарияладық. Осы байқауда жеңіске жетуге тырысыңыздар, ең үздік елді мекендер міндетті түрде көтермеленетін болады, - деп атап өтті ол.

Бердібек Сапарбаев бұдан бөлек аудандағы тағы үш білім беру мекемесіне ат басын бұрды. Оқу ордаларының бірінде өткен кездесуде жергілікті тұрғындардың бірі аға буынның кәсіпкерлік бастамасын қолдауға бағытталған пилоттық жоба құруды ұсынды. Ол жаңа жұмыс орындарын құра отырып, зейнеткерлер де жұмыссыздықпен күреске өз үлесін қоса алатындығын жеткізді. Аймақ басшысы бастаманың маңыздылығын тілге тиек етіп, бұл туралы ойлануға уәде берді.

Айта кеткен жөн, 127 адам еңбек ететін Меркі ірімшік зауыты - аудандағы ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнім көлемі 422 тоннадан 462 тоннаға дейін артқан. Алайда бұл максималды көрсеткіш емес, өйткені зауыт өзінің жүктемесінің небәрі 55-60 пайызында ғана жұмыс істеуде. Бүгінде зауыттағы желілерді жаңғыртуға 300 миллион теңге қаражат қажет, сонда ғана кәсіпорын толық жүктемесіне шыға алмақ. Сатып алушылар аз емес, әсіресе ресейліктер Мерке ірімшіктері мен йогурттарына қызығушылық танытуда. Зауыт директоры Дастан Айтуленовтің айтуынша, сүті көп ірі бірлестіктермен жұмыс істеу тиімдірек, өйткені олардың сапасы ұсақ шаруашылықтарға қарағанда жоғары.

Аймақтағы тағы бір ірі кәсіпорын - «Мерке ет» ЖШС-нің ет комбинатында шикізаттың жетіспеушілігі туындауда. Кәсіпорында 4 мың қой мен 800 бас ірі қара бар. Кәсіпорын директоры Берік Егембердиевтің сөзіне қарағанда, қой санын кемінде 50 мыңға жеткізу қажет, бірақ малды қайдан алу керектігіне қатысты мәселе туындауда. Күні кеше ғана меркіліктер Дубайға 60 тонна қой етін жіберді. Арабтар ұшақтарды жолаушыларсыз жөнелтіп, екі жаққа да ұшу ақысын төлеген. Олардың жамбылдық етке қызығушылығы жоғары.

«Ар-Ас» шаруа қожалығы асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысуда, олар үш айға мерзімде сақтауға болатын бөтелкедегі қымыз шығарып жатыр. Шаруа қожалығының басшысы Мақсұт Несіпбаевтың айтуынша, неміс технологияларын пайдаланады, ондағы барлық процесс автоматтандырылған. Енді құрғақ қымыз шығару ісін бастауды көздеп отыр.

Өңір басшысы «Сыпатай батыр» ЖШС-іне де арнайы барды. Онда қызылшаны дамыту мәселелері талқыланды. Серіктестіктегі 6,5 мың гектар жердің үш мыңы – егістік. Шаруа қожалығының басшысы Қанат Шайхиевтің айтуынша, қызылшаға 200 гектар жер бөлінген. Өткен жылы әр гектардан 861 центнерден тәтті өнім жиналыпты. Қызылша өсірушілер шығынға ұшырамас үшін француздық элиталық тұқымдарды, «ЕвроХим» ЖШС-нен минералды тыңайтқыштар алған.

Жас дәрігерлермен кездескен Бердібек Сапарбаев аудан басшысы Мейірхан Өмірбекке қажетті құжаттарды жинап, сала мамандарына тұрғын үй алуға көмектесуді тапсырды.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында облыс әкімі Меркі ауылының батыс жағындағы кіре берісте орналасқан №1 блокпостта болды. Блокпост дене қызуының жоғарылауы байқалған адамдарға арналған оқшаулағышпен қамтылған. Әзірге коронавирус дерегі тіркелмеген.

Аудан активімен кездесуде өңір басшысы барынша пайдаланылмай отырған Меркі ауданының жоғары әлеуетін атап өтті. Ауданның жері құнарлы. Облыс әкімінің болжамы бойынша ағымдағы жылы суармалы су мәселесі болмайды.

Б. Сапарбаев жыл сайын егістік алқабын кем дегенде 10 пайызға ұлғайтып отыруды тапсырды.

- Жерді барынша толық және тиімді пайдалану, оның құнарлылығын, дақылдардың өнімділігін және тұқым сапасын арттыру қажет. Әлі күнге дейін шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі шешілмей келеді. Бұл орайда ауылдық округ әкімдері тарапынан шаруаларға мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын түсіндіру бойынша жұмыстар әлсіз жүргізілуде, - деп атап өтті ол.


Соңғы жаңалықтар