Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне: Кабинетте отырмай, ауылға барып адамдармен кездесіңіздер

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті аппараттық кеңесте аудан әкімдерінің саладағы инвестиция тарту ойынша әлсіз жұмыстарын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов іске асырылған жобалар мен алдағы жоспарлар, сондай-ақ агросекторға инвестиция салуға кедергі келтіріп отырған мәселелер туралы жан-жақты баяндады.

2020 жылы Жамбыл облысында ауыл шаруашылық саласында 29,5 миллиард теңге тартылып, 2019 жылмен салыстырғанда өсім 113 пайызды құрады

Жаппы, өңірде былтыр 18 жоба іске асырылды десек, олардың бесеуі мал шаруашылығын дамытуға, алтауы – өнімді қайта өңдеуге, төртеуі – интенсивті бақтар құруға, үшеуі – құс шаруашылығына қатысты.

Қайрат Амановтың оң болжамдарына қарамастан, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне агросекторға инвестиция тартуға қатысты көптеген сұрақ жолдады.

Инвестициялар тарту мен ауылшаруашылық технологияларының жаңа түрлерін енгізіудін маңыздылығын атап өткен облыс әкімі әрбір жобаны мұқият зерделеуді, оны іске асыру барысында инвестордың қандай кедергілерге кез болып жатқанын анықтауды және қолдау көрсетуді тапсырды. Бердібек Сапарбаев биыл кем дегенде 34 миллиард теңге инвестиция тарту керектігін тілге тиек етіп, тиісті тұлғаларға тапсырма жүктеді.

«Ауыл шаруашылығы саласында инвесторларды тартуға қатысты ахуал ауыз толтырып айтарлықтай емес. Аграрлық өңір үшін 29,5 миллиард теңге инвестиция өте аз. Бізге сала инвесторларына деген жаңаша көзқарас қажет. Бұл басым бағыттардың бірі болуы тиіс, инвесторларды тарту үшін барлық жағдай жасалуы керек», - деді өңір басшысы.

Ол жеке инвестицияларды тарту әлеуметтік мәселелерді де шешудің тиімді көзі екенін баса айтты.

«Кабинетте отырып, өздеріңізді үлкен бастық сезінбей, ауылдық округтерге барыңыздар, адамдармен кездесіңіздер. Естеріңізде болсын, инвестиция тартуға инвесторлар емес, біз мүдделіміз», - деді Бердібек Сапарбаев әкімдерге.

Сонымен қатар, облыс әкімі суарудың заманауи технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар