Бердібек Сапарбаев ардагерлерді қарттар күнімен құттықтады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Қарттар күніне орай Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ардагерлерге құрмет көрсетілді. Мерекеге орай соғыс ардагерлері, түрлі саланың еңбек сіңірген қызметкерлері, облыстың және қаланың құрметті азаматтары шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Өңір басшысы зейнет демалысына шыққан ардагерлердің

қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға өз үлестерін қосып жүргенін атап өтті. Олар өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісе отырып, жастарды дұрыс жолға бағыттап келеді.

«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасы мен демократиялық негізі дамып келе жатқан қуатты мемлекетке айналды. Бұл үшін біз аға буын алдында қарыздармыз. Мен үнемі айтып келемін, жастар өздеріне өмір сыйлаған, тәрбие мен білім берген үлкендерді ұмытпауы тиіс. Қарт адамдарға құрмет пен қамқорлық тек осындай мереке күндері ғана емес, ұдайы көрсетілуі керек», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ ол мемлекет ардагерлерге әрдайым қамқорлық танытып, олардың ештеңеге мұқтаж болмауы үшін тиісті жағдай жасап отырғандығын баса айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізу үшін денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту бойынша шаралар

қабылдауды тапсырды. Бүгінде біздің облысымызда 100 жастан асқан 20 ардагер және 90 жастан асқан 1085 зейнеткер тұрады», - деп атап өтті ол.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлерге салауатты өмір салтын насихаттау және өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі орасан зор жұмыстары үшін алғыс айтты.

Әңгіме барысында бастан кешкен қиындықтар, әскери ерліктер, жетістіктер, рухани құндылықтар туралы айтылды. Қарттар лебіздерін білдіріп, сүйікті әндерін шырқады.

«Ұзақ жылдар бойы өңірдің игілігі жолында еңбек еткен қарияларға ұдайы көңіл бөлінеді. Бүгінгі мерекеге орай кездесу ұйымдастырып, өткенімізді еске түсіріп, бір серпіліп қалуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін рахмет», - деді журналистика ардагері, Қазақстан

Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Баттал Жаңабайұлы.

Кездесуге қатысушылар түрлі мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Олар облыс орталығы адам танымастай өзгергенін тілге тиек етіп, көне Тараз туристер үшін тартымды орталыққа айналатындығына сенім білдірді.

Сондай-ақ, жиналғандар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді де жеткізді. Облыс әкімі барлығын мұқият тыңдап, оларды шешуге уәде берді.

Сондай-ақ бұл күні Бердібек Сапарбаев Ардагерлер үйіне ат басын бұрып, ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысты.


Соңғы жаңалықтар