Бердібек Сапарбаев алғашқы жұмыс сапарын Қордай ауданынан бастады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Қордай ауданына жұмыс сапарымен барған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауыл тіршілігінің қалыпты жағдайға түсу барысын көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Марат Ирменов және Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов еріп жүрді.

Алдымен Б.Сапарбаев 3,5 мың тұрғыны бар Қарасу ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға ат басын бұрды. Емдеу мекемесі барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өткен жылы ауылда 70 сәби дүниеге келген. Жергілікті тұрғындарды вакцинациялау және скринингтік тексеру деңгейі 95 пайызға жетті.

Бұл ретте, 1991 жылы салынған мекеме ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдады. Ол үшін тиісті құжаттамалар да дайын.

Медициналық қызметкерлермен кездесу барысында Бердібек Сапарбаев дәрігерлерді бюрократиялықтан аулақ болуға, тұрғындарға сапалы және уақытылы дәрігерлік көмек көрсетуге, пациенттермен сыпайы қарым-қатынас орнатуға шақырды.

Аймақ басшысы барған келесі нысан ауылдағы «Балапан» балабақшасы болды. Онда мемлекеттік тілде барлығы 75 бала тәрбиеленуде.

Сондай-ақ, аталған елді мекендегі № 7 орта мектепте 1033 оқушы білім алуда. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Өткен жылы оқу орнын 31 түлек бітірсе, бірінші сыныпқа 134 бала қабылданған. Өңір әкімі мектептегі технология сабағына қатысып, жоғары сынып оқушыларын әңгімеге тартты. Мұғалімдермен кездесу барысында Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғанын, мұғалімдердің жалақысы жоспарлы түрде артып отырғанын атап өткен Б.Сапарбаев, бұл орайда, мұғалімдердің де балаларға сапалы және заманауи білім беруі міндеттілігін баса айтты.

Бұдан соң Масаншы ауылына барған облыс әкімі №13 орта мектептің басшылығын қатаң сынға алды. Аталған білім ордасының оқушылары бұған дейін бірде-бір рет «Алтын белгі» немесе Үздік аттестатқа ие бола алмаса, мектептің бір ғана түлегі ЖОО бойынша мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Жамбыл облысының басшысы оқу ордасын аралап шыққан кезде оқушылардың тек 27 пайызы ғана сабақта болғандығы анықталды.

«Байқап тұрғанымыздай, мұғалімдер мен ата-аналар арасында тығыз байланыс жоқ, оқу үдерісінің сапасына, өскелең ұрпақты патриотизм, мәдени-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлер рухында тәрбиелеуге тиісті көңіл бөлінбейді», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы жауапты тұлғаларға келер дүйсенбі күні барлық оқушылар сабаққа түгел келуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырма берді.

Облыс әкімі Масаншы ауылындағы аурухана ұжымымен әңгіме барысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шараларына назар аударды. Бұл орайда ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін барлық азаматтар сақтандырылуы керектігіне көңіл бөлді. Бүгінде медициналық ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы артып келе жатқанын тілге тиек еткен аймақ басшысы, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Аталған ауруханадағы дәрігерлердің айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, екпе егу шаралары жоспарлы түрде орындалып, «ДамуМед»электрондық бағдарламасы жүйелі жұмыс істеуде. Алайда, олар тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін алға тартты.

Сондай-ақ, облыс басшысы Қаракемер ауылындағы Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің, 100 орындық «Айсұлтан» балабақшасы мен «Молдасейіт» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Педагогтармен кездесуде оқушылардың рухани тәрбиесіне, сабақтастықтың сақталуына аса назар аударудың маңыздылығын қадап айтты.

«Балалар ұлттық-мәдени дәстүрлерден сырт қалмай, рухани байлықтарды жете түсініп өсуі керек. Аға буын өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, мектептер өз түлектерімен тығыз байланыс орнатып отыруы қашанда маңызды», - деді Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысы әкімінің Қордау ауданына жұмыс сапары Ауқатты ауылында жалғасты. Онда тірек полиция бекетіндегі құрылымдық күштер басшыларының қатысуымен қызу әңгіме өтті. Айта кетейік, аталған полиция бекеті бірнеше жыл бұрын жақын маңдағы алты ауылдық округте криминогендік жағдайды жақсарту үшін құрылған. Бүгінде бекетте 19 қызметкер жұмыс жасайды.

Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарының қатысуымен кездесулер мен арнайы жиындар жиі өткізіліп тұратынын тілге тиек етті. Осы орайда бекет жұмысына қатысты мәселелер де жоқ емес. Оларды шешумен облыстық департамент пен аудандық полиция бөлімінің жаңа басшылығы айналысатын болды.

Бұдан соң облыс әкімі Ауқаттыдағы 100 балаға арналған «Тілашар» жеке меншік балабақшасының жұмысына қанықты. Сонымен қатар, ауыл мешітіне қарасты кең залда Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер, Масаншы, Қарасу және Қарасай ауылдық округтерінің тұрғындарынан құралған қоғамдық келісім кеңесінің отырысына қатысты. Онда жаңа құрылымның жұмыс бағыттары мен нақты іс-қимыл жоспары талқыланды.

Сортөбе ауылындағы 450 оқушы оқитын №48 орта мектеп мұғалімдерімен кездескен Б.Сапарбаев мемлекеттік тілді үйренуге, әсіресе оған орыс мектептерінде көбірек көңіл бөлу керектігіне назар аудартты. Балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыруға көңіл бөлді.

Аудандағы жұмыс сапарын қорытындылай келе аймақ басшысы адамгершілік-тәрбие бағытындағы жұмысты күшейте түсу керектігіне айрықша тоқталды.

«Біз өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге тиіспіз. Қордай ауданында орын алған оқиғаның басты себептерінің бірі жастарды тәрбиелеудегі кеткен кемшіліктер десек қателеспейміз. Сондықтан да біз осыған аса назар аударғанымыз жөн. Жас қазақстандықтарды патриотизм мен төзімділік рухында тәрбиелеудің пәрменді жүйесін құруымыз керек», - деп қорытындылады өз сөзін Бердібек Сапарбаев.


Соңғы жаңалықтар