Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желілердегі арыз-шағымды бақылап отырады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барлық әлеуметтік желілердегі арыз-шағымды бақылап отырады. Бүгін ол қала әкімінің есебіне қатысып, жол, жарықтандыру, көше тазалығына қатысты жауап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барлық әлеуметтік желіні өзі бақылап отырады. Бүгін Ақтөбе қаласы әкімі Ілияс Испановтың есеп беру кездесуіне қатысқан облыс басшысы қала жолдары мен тазалыққа жауапты басшыларды тыңдады. Мәселен, Сәңкібай батыр даңғылы мен қаланың ескі бөлігіндегі Зауыт, Краснощеков және Бейбітшілік көшелерінің суреттерін көрсетіп, жөндеу жоспарларын сұрады. Алдағы уақытта Сәңкібай батыр көшесі кеңейтілуі мүмкін. Ал қала көшелеріндегі ой-шұңқырлар әзірге тастармен жамалып, жүргізушілердің кедергісіз жүруіне жағдай жасалады. Негізгі құрылыс жұмыстарына биыл 1,9 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 50 көше жөнделеді. Жетеуі өткен жылы басталып, аяқталмай қалған нысандар, 34-і орташа жөнделген. Сонымен қатар, өткен жылы айтылып, биыл іске асырылатын суағар жүйесінің құрылысы Батыс-2 ауданынан басталады.

«Біз суағар жүйесі үшін 16 жоба дайындаған едік. Қазір бір жоба бойынша конкурс өтті. Екеуінің құжаты дайын»,- деді қала әкімінің орынбасары Жандос Байырханов.

Әлеуметтік желілердегі арыз-шағымды тағы бір шолып шыққан облыс әкімі көше жарықтандыру мәселесінің бір ізге түспегенін айтты. Тіпті, өткен жылы диодты шамдарға ауыстырылған Кеңес Нокин даңғылындағы бағаналардың кейбірі түнде іске қосылмайды.

«Өткен жылға қарағанда шағым азайды. Қала тұрғындары көктемде жол жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес екенін түсінуі керек. Қазір тек тастармен жолды тегістеп, көліктің кедергісіз өтуіне жағдай жасай аламыз. Әлеуметтік желіде көше тазалығы да айтылады. Көшелерді бақылауға алу керек. Қоқыс шашылып жатыр. Оны сол маңдағы бизнес нысандары мен басқарушы компаниялардың бақылауына берген жөн»,- деді Сапарбаев.

Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар үшін қалалық әкімдік техниканы жаңартуды жөн көрген. Биыл 1,2 миллиард теңгеге 85 техника сатып алынады. Сонымен қатар, көшелерге тағы 345 еуроконтейнер қойылады.

Соңғы жаңалықтар