«Бензин тапшылығынан қалай құтыламыз?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 6-сы,  жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Бүкіл әлемнің әр түкпірінен мәңгілік қалаға тартылған мың сан қатынас арналары секілді ежелгі Иордан жерінен шыққан жолдардың бірімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Италияның астанасына ресми сапармен келді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылым Елбасының Италиядағы ресми сапарына орай «Барлық жол Римге бастайды» деген тақырыппен көлемді мақала берген. Онда «Италиялық компаниялар энергетика ғана емес, металлургия, құрылыс салаларында  да белсенді жұмыс істеуде. Осы қатарда қазақстан­дық қатты сортты, сапалы би­дайының 1 млн. тоннасы Италия рыногына  шығарылады. Бұл да біздің ынтымақтастығымызды те­реңдете түсудің бір жолы. Сондай-ақ жоғары технологияларды сатудың мәселелері де жақсы жолға түсіп келеді. Менің ресми сапарым­ның аясында жиырма шақты келісім құжатына қол қойылғалы отыр. Мұндағы екіжақты инвес­ти­ция көлемі 6 млрд. АҚШ долла­ры шамасына жетіп отыр. Мен мұны нағыз серпінді секіріс деп ойлаймын», деген Мемлекет басшысының сөзі келтірілген.

Сонымен қатар осы басылымнан ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Иордания еліндегі ресми сапары жайында да егжей-тегжейлі мағлұмат алуға болады.

Елбасының Аппенин түбегіне үшкүндік сапары «Айқын» газетінің де назарынан тыс қалмаған.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» атты талқылауға арналған жобаны оқырман назарына ұсынып отыр. Бұл жоба «Айқын» газетінде де жарияланған.

Осы басылымның дәстүрлі «Үкімет» апталық қосымшасында «Экономиканы әлдендіруге бағытталған фискальдық саясат», «Дұрыс таңдау» акциясы басталды», «Тіршілік күретамыры. Үкімет жол, көлік инфрақұрылымдарын дамыту мәселесіне үлкен көңіл бөлуде», «Оңтүстік диқандарын не толғандырады?», «Үлескерлер мүддесін мемлекет толық ескереді», «Тыңайтқыштан тарықтырмайтын жоба» деген тақырыптармен мақалалар топтамасын берген.

«Егемен Қазақстан» газетінің 90 жыл­дығына орай, оған редактор болғандар, онда қызмет істегендер туралы баяндау баспасөзіміздің тарихын бүгінгі оқырман­дарымызға таныстырып, дәуір шындығын нақты көрсете түсуге себепкер болатын­ды­ғы ақиқат. Осыған орай аталған басылым профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен Һәм «Еңбекші қазақ» атты көлемді мақаласын жариялады. Мақала барысында «Еңбекші қазақ» газетінде «Енді бір жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қа­тары­на кіру керек. Қазаққа оқу бұрын бір мәрте керек болса, енді мың мәр­те керек. Оқусыз қазақ­тың бо­ла­шақтағы күні қараңғы» деген түбегейлі бағдарламасы бар Сәкен «Әр азаматтың бір көзі оқу ісінде болып, соған қолынан кел­ген жәрдемін тигізіп отыруы мой­нына артылған парыз. Ісіңмен, күшің­мен, тіліңмен болса да оқу ісіне жәрдем қылмасаң - кейінгі жас буынның қолы жағаңда ке­теді» деген жан сөздері қоғам қайрат­керінің биік өресін бірден таныт­ты. Сол үшін де елі, халқы оны ардақ тұтты, қадірледі, құр­меттеді» делінген.

«Арақ ішуден Азия бойынша алға шықтық». «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында осы тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, алкогольді өнімдерді тұтыну жағынан әлем бойынша - сегізінші, ал Азия елдерінің ішінде ең алдыңғы орында келе жатқан елімізде әр адам басына шаққанда, орташа 31 литр сыра, 12 литр арақтан келеді екен. Арақ ішу жағынан, тіпті Ресейді де басып озыппыз. Тек соңғы үш жылда еліміздегі маскүнемдер саны он есеге артқан. Осы орайда, елімізде 2007 жылдан бастап қазан айының соңғы бейсенбісі «Алкогольді тұтынудан бас тарту күні» деп жарияланған. Сонымен қатар мақалада Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық Орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаевның пікірі берілген. Оның айтуынша, қазіргі кезде жастардың елеулі бөлігі сыраға тәуелді. Бұған негізінен, осы уақытқа дейінгі сыра жарнамаларының кеңінен таралуы себеп болды. Мүмкіндігінше, ұрпақ денсаулығына кері әсер ететін зиянды әдеттерді жарнамалаудан сақ болу керек. Жазылған жайт жайында толығырақ 1-2 беттен оқи аласыздар.

Осы газетте жарық көрген келесі «Таразы» 100-ге толды» деген мақалада «Өмірдің өзі - таразы» қағидасын ұстанатын, бүгінде эфирге 100-ші рет шығып отырған «Хабар» арнасындағы «Таразы» сараптамалық бағдарламасы осы кезге дейін 200 студия қонағын қабылдап, бас-аяғы 300 бетті құрайтын сценарий, 400 сюжет, 2000 сюжет кейіпкерін әзірлепті. Сөйтіп, оның эфирдегі уақыты 5000 минутқа жеткен екен. «Алаш айнасының» назарынан тыс қалмаған «Таразы» бағдарламасының жеткен жетістіктері жайында басылымнан кеңінен мағлұмат аласыз.

 

Ал  «Бәйтерек» - балалық  арманның символы» деген мақалада режиссер Данияр Саламаттың жақында ғана балаларға арналған «Бәйтерек» атты фильмі туралы айтылған. «Бейтеректің» кішкентай кейіпкері Санжар тағдыр тәлкегімен жолдары екі айырылған ата-анасын табыстыруды аңсайды. Сезімтал бала Астана төріндегі «Бәйтерекке» көтеріліп, ондағы кітапқа алақанымды қойып арман ойласам, арманым орындалады  деп шынымен сенеді. Санжардың жан-дүниесін түсінген ұстазы Дана апайы оған көмектеседі.  Фильмдегі жаңалық -  балаларды ізгілікке, жанашырлыққа тәрбиелейтін бейне - Қыдыр ата бейнесі. Бұл туралы толығырақ 5-ші беттен оқисыздар.

***

«Экономика» газетінің жұма күнгі санында «Бензин тапшылығынан қалай құтыламыз?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Мақалада жанармайдың тапшылығынан құтылудың бірнеше жолы көрсетіліпті. Солардың бірінде былай дейді: «Сондай-ақ елдегі нарыққа Ресейден келетін импорт бензиннің әсері де зор. «Ресейден бензин әкелуімізге не себеп?» десеңіз, олардың бензині - жоғары октанды. Ал біздегі ескі зауыттардың бензинінің октандық сапасы төмен. Шет елден әкелініп жатқан көліктердің моторы жоғары октанды бензинге есептеліп жасалған. Октаны аз бензин ол машиналардың моторының тез бұзылуына әкеледі. Яғни, жаңа зауыттар салынбаса, онда жоғары октанды бензинге тапшы болып қала береміз».

«Сонымен не керек, кезінде халықтың «қатесі бар банкноттар жедел ауыстырылады» деген үміті арада үш жыл өтсе де толық ақталмаған секілді. Ұлттық банк қызметкерінің жауабына қарап отырып, қате теңгеліктерді қысқа мерзімде айналымнан шығаруға ықпал ететін шаралардың әу бастан-ақ жүргізілмегенін аңғарасыз. Айтып өткендей, бұған дейін ұлттық валюта бірнеше мәрте өзгерді», деп жазады «Экономика» газеті. Жазылған жайт төңірегінде басылымның бүгінгі санынан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

***

«Осы аптада Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Илья Ильинге қолдау көрсету жөнінде ұсыныс білдірді. Халық қалаулысының айтуынша, Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарынан кейін жарақат алған Ильиннің қазір жаттығу жасауына мүмкіндік жоқ. Өйткені сырқаттан арылу үшін біраз қаражат қажет. Штаттағы ұлттық командалар дирекциясы 1 қыркүйектен бастап төлемей отыр. Яғни Ильиннің қаржылық жағдайы мүшкіл», деп жазады «Айқын» газеті. Сонымен қатар басылым осы жайтқа орай Олимпиада чемпионының БАҚ өкілдеріне айтқан сөзімен қоса,  Штаттағы ұлттық командалар дирекциясының, Республикалық ауыр атлетика федерациясының  баспасөз хатшыларының және Қызылорда облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының пікірлерін де жариялаған. Мақала «Олимпиада чемпионы неге мұңаяды? Немесе Бейжіңде алтын алған жігіттің сөзінде ақиқат бар ма?» деген тақырыппен берілген.

Ақтау қаласында 4-ші Маңғыстау аймақтық «Мұнай және Газ, Инфрақұрылым» - «Mangystau Oil, Gas & Infrastructure 2009» көрмесі өткізіліп, соның аясында 1-ші Маңғыстау аймақтық Мұнай-газ техникалық - «OilTech Mangystau»  конференциясы өтіп жатыр. Осыған орай «Айқын» газеті «Маңғыстаудың ірі инвесторларды қабылдауға мүмкіндігі мол» деген тақырыппен мақала жариялады.

***

«2000 жылдардың басында елімізде құс еті күрт азая бастаған кезде, мұхиттың арғы жағынан келе бастаған «Буштың сирағы» «ет десе, бет бар ма?» деп, қызылсырайтын қазаққа көктен іздегені жерден табылғандай болды. Иә, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында республикада құстың саны 60 миллион болса, экономиканың және тұтыну сұранысының өсуі кезінде құстың саны 15 миллион шамасында қалған еді», деп жазады «Алтын орда» газеті. Мақалаға ҚР Парламенті Сенатында еліміздегі құс шаруашылығын дамыту хақында өткен  дөңгелек үстелде айтылған жайттар арқау болған. Жарияланымда Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниевтің, Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанованың, сенатор Қуаныш Айтахановтың, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің төрағасы Асылжан Мамытбековтың пікірлері берілген.  

«Адасудың ащы сабағы». Осы тақырыппен «Алтын орда» басылымында жарық көрген мақалада Дағыстандағы қарулы қақтығыста қаза тапқан бес жас жігіттің  Қазақстан азаматтары екендігі анықталғаны жазылған. Бұл жайт төңірегіндегі толық ақпаратты басылымның жұма күнгі санынан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

«Үкіметтің жаңа шараларын жүзеге асыру ағымдағы жылы нәтиже бере бастайды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті.  Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен  Экономиканы модернизациялау  мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары­ның екінші деңгейлі банктер ал­дын­дағы міндеттемелерін қайта қар­жыландыру, өңдеу өнеркәсі­бін­дегі шағын және орта бизнес субъектілері үшін жабдықтарды лизингтеу, инвестициялық жоба­лар­ды Стресті активтер қоры есебінен төмендетілген пайыздық ставка­лар­мен Қазақстанның Даму банкі арқылы қаржыландыру, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларын­да­ғы бірқатар үлестік құрылыс ны­сандарын аяқтау сияқты мәселелер қаралған.

 «Экспресс-К» газетінің жазуынша, кеше ҚР Парламенті Мәжілісінде  өмірдің барлық саласындағы әйелдер мен еркектердің тең құқықтары мен бірдей мүмкіндіктері туралы заң жобасы қаралған. Мақалада келтірілген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динар Нүкетаеваның пікірінше, бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласында республика азаматтарының жынысына қарамастан теңдігін қамтамасыз ететін қандай да бір нормативтік-құқықтық акт жоқ екен.

 

Соңғы жаңалықтар