Бензин бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет елде өндірілген мұнайдың 2-3 пайызын мұнай қорларында сақтауы керек - Қ. Айтаханов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 10‑ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бензин бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет елде өндірілген мұнайдың 2-3 пайызын мұнай қорларында сақтауы керек.  Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Премьер‑Министрінің атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өңірлердегі кездесулер барысында әсіресе, ауыл тұрғындары соңғы жылдардың таусылмайтын жырына айналған науқандық жұмыстар кезінде жанар‑жағармай бағасының оң шешілмей жатқанына реніштерін білдіріп отыр. Биыл да ел оңтүстігінде тамыз айында, диқандар өсірген өнімін жинап алуға қызу кіріскенде бензин мен дизель отынының бағасы шарықтап кетті. Елімізде жыл сайын 70-75 млн. тонна мұнай өндіріледі. Ал ауыл шаруашылығына қажетті мұнай көлемі 2-2,5 млн. тонна немесе өндірілген мұнайдың үш пайызын ғана құрайды екен. Солай бола тұра, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жанар маймен қамтамасыз ету мәселесі әлі толық шешімін таппай келеді», деді Қ. Айтаханов.

Сонымен бірге, Үкіметтің бензин мен дизель отыны экспортына шектеу қойылған қаулысына тоқтай отырып, депутат оң нәтиже көрсететін бұндай қадамның өзі уақытша шара екендігін еске салды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылық кешені нарық кезеңінде мемлекеттік қолдауды күшейте түсуді керек етеді. «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сатылатын жанар‑жағармай бағасын түпкілікті тұрақтандыру үшін елімізде өндірілген мұнайдың екі‑үш пайызын Үкімет бекіткен сатып алу бағасымен мұнай мен мұнай өнімдерінің мемлекеттік ресурстарын қалыптастыру қорына сақтаған жөн. Осы арқылы науқандық кезеңдерде өнімді делдалсыз мұнай зауыттарына жеткізіп, жанармай бекеттері арқылы шаруаларға тиімді бағаға сатқан абзал.  Бұл астықты тұрақтандыру қоры секілді тиімді әсер беретіні анық. Осы мәселерді ескере отырып, Үкіметте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тиімді бағада жанар‑жағармаймен қамтамасыз ету тетіктерін  тағы да пысықтап, түбегейлі шешіп беруді өтінеміз», деді Қ. Айтаханов.

Соңғы жаңалықтар