Бензин арзандап келеді: Қазақстандағы мұнай зауыттары нарықты түгел қамтып отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда бензин өндірісі бір жылда 9% өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

«Қазақстанда биыл алғашқы төрт айда 1,2 млн тонна бензин өндірілді. Бұл былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 9% артық. Дизель отынын өндіру көлемі 10,3% өсіп, 1,6 млн тоннаға жетті», - делінген хабарламада.

2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары елдегі бензинге деген сұраныстың 98,2%-ын, дизель отынына деген сұраныстың 93,1%-ын қамтамасыз етіп отыр.

Жылдық бензин импорты 94% қысқарып, 16,7 мың тоннаны құрады. Ал экспорт бір жылда 11,2 есе артқанмен, оның көлемі әзірге 665,9 тонна ғана. Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов шілде айында Қырғызстанға Қазақстан бензинінің алғашқы тоннасы жеткізілмек.

Биыл мамыр айында елімізде ең сұраныс жоғары АИ-92 бензинінің жылдық бағасы 6,9% - 1 литріне 147,6 теңгеге дейін арзандады. АИ-95/96 бензинінің бағасы 3,8% - 1 литріне 168,6 теңгеге дейін; АИ-98 бензинінің бағасы - 3,4% - 1 литріне 185,9 теңгеге дейін төмендеген.

«Қазақстанда қазіргі таңда АИ-92 және АИ-95 бензиндерінің профициті байқалып отыр. Бұл мұнайшылар үшін жағымды жаңалық болмаса да, халық үшін жақсы», - дейді энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Energyprom.kz-тің хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында, Теректі ауданының Алғабас кентінің жанында Қазақстандағы төртінші МӨЗ салу жоспарланып отыр. Жоба құны - 420 млн АҚШ доллар. Жаңа МӨЗ шикізатты Қарашығанақ кен орнынан алады. Инвесторлар жаңа зауытты екі жылда салып, 2020 жылдың аяғына дейін іске қоспақ.

Соңғы жаңалықтар