Белгиялық байқаушылар Қазақстандағы сайлау учаскелерінің жұмысын жоғары бағалады

None
None
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Белгиялық байқаушылар Қазақстандағы сайлау учаскелерінің жұмысын жоғары бағалады. Бұл жайында бүгін елімізде өтіп жатқан ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты Астанада өткен брифингте Халықаралық қатынастар еуропалық институтының директоры Ирнерио Семинаторе айтты.

«Сайлау үдерісі Қазақстанда өте жақсы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларының жетекшілері де жұмысын кәсіби деңгейде атқарып отыр»,-деді ол.

Сонымен қатар И. Семинаторе сайлау учаскелері таңертеңгі сағат 7:00-ден бастап белгіленген уақыт бойынша ашылғанын, сондай-ақ дауыс беруге ниет білдірген азаматтардың қатары көп болғанын айтып өтті.

«Сайлау қорытындысы бойынша саяси партиялардың күтіп отырған нәтижелері қанағаттандырылады деп үміттенеміз»,-деді институт директоры.

Сонымен қатар аталған брифингте «E-Forum» қауымдастығының атқарушы директоры Бодуэн де Сонис те сайлау учаскелеріндегі тиісті шаралар жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті. Осы орайда ол бұл тұрғыдағы мәселелерді Қазақстанның демократиялық жолындағы жетістігі деп бағалады.

Соңғы жаңалықтар