Белгілі театр және кино актрисасы Тұрахан Сыдықова дүниеден өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат ­ - Кеше Алматыда М.Әуезов атындағы драма театрының белгілі актрисасы Тұрахан Сыдықова 72 жасына қараған шағында дүниеден өтті.

Актрисаны жерлеу шарасы ертең Алматы облысы Нұра кентінде болады.

Тұрахан Сыдықова Ұмай ана рөлін орындаған кинорежиссер Е. Тұрсыновтың «Келін» көркем фильмі 2009 жылы Америка киноакадемиясының «Оскар» сыйлығына ұсынылып, үздік тоғыздыққа ілінген болатын. Осы рөлі үшін актриса ҚР Киногерлер Одағының «Құлагер» Ұлттық киносыйлығына ие болды.

Ол Алматы облысы Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданындағы Қарасазда дүниеге келген.

Орта мектепті бітірген соң Нарынқол халық театрында еңбек етті. С. Адамбековтың пьесасы бойынша қойылған «Күн мен көлеңке» спектакліндегі Шоқбике ролі үшін республикалық байқауда 1 дәрежелі дипломмен марапатталды.

1966-1968 жж. М. Әуезов атындағы академиялық драма театр жанындағы студияны оқып-бітіріп, осы театрға режиссердің көмекшісі қызметіне алынды,1970 ж. актерлік құрамға ауыстырылды.

1979-1984 жж. республикалық П .Чайковский атындағы музыка училищесінің прима-қобыз класын,1999-2002 жж. Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетінің психология факультетін сырттай оқып бітірді.

Үлкен сахнадағы алғашқы еңбегі М. Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Ақбала. Одан бері көптеген рөлдерді орындады. Атап айтқанда, Қ. Шаңғытбаев, Қ. Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» комедиясында Гүлшара, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында» Күтуші, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» көрші әйел, Ұйғын мен И. Сұлтановтың «Әлішер Науаиінде» Энага, Қ. Мұқашевтің «Жамалында» әйел, «Парторгында» Қатира, Ш. Құсайыновтың «Алдаркөсесінде» Алдаркөсенің әйелі, Ғ. Мүсіреповтің «Амангелдісінде» Замана, Иран-Ғайыптың «Шыңғысханында» Кетбұға жырау, А. Сүлейменовтің «Кек» драма-диалогында Аруақ-елес, Т. Нұрмағамбетовтің «Кемпірлерден шыққан дауында» Мұғалима әйел, сондай-ақ Шекспирдің «Асауға-тұсауында» трактирші әйел, Б. Брехттің «Тоғышардың тойында» Ана образдарын сомдаған.

«Жаужүрек мың бала», «Сталинге сыйлық», «Отырардың күйреуі», «Келін», «Ұлжан» сияқты көптеген кинофильмдерге түсті.

Соңғы жаңалықтар