Белгілі қазақстандық боксшылар Алматыдағы бокс кешінде өздеріне қолдау білдіруге шақырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Танымал отандық былғары қолғап шеберлері Айдос Ербосынұлы, Нұрсұлтан Жаңабаев пен Садриддин Ахмедов бокс кешіне дайындық барысы жайлы айтып беріп, қазақстандықтарды Almaty Arena спорт кешенінде өтетін шоуға келуге шақырды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Біз бұл шараға дайындықты ерте бастап кеттік. 17 наурыз күні Нұрсұлтан Жаңабаевпен және бапкерлерімізбен бірге Лондоннан келдік. Онда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тегеурінді қарсыластармен спаррингтерге шықтық, техникалық және тактикалық шеберлігімізді шыңдадық... Барлығын 24 наурыз күні боксқа шақырамын. Біз қазақ бокс мектебінің шынайы күшін паш етуге тырысамыз. Келіңіздер, өкінбейсіздер», - деді әлемдік бокстың болашақ жарқын жұлдызы Айдос Ербосынұлы (10 кездесуде - 10 жеңіс).

Нұрсұлтан Жаңабаев та іс-шара өте жоғары деңгейде өтетіндігіне сенім білдірді.

«Өз жеріңде өнер көрсету қашанда ынталандырады әрі қосымша жауапкершілік жүктейді. Менің қарсыласым Венесуэладан келетін боксшы, қашықтықты ұстай біледі, жойқын соққы жасай алады. Бапкерім Сағатбек Мұсахановпен бірге біз оның күшті және әлсіз тұстарын зерделеп, алдағы кездесуге өз жоспарымызды құрдық. Егер қарсыласты құлатуға мүмкіндік туып жатса, міндетті түрде оны нокаутқа жіберемін», - деп атап өтті Нұрсұлтан Жаңабаев.

Садриддин Ахмедов туған жеріндегі алғашқы жекпе-жегінде де бұған дейінгі жеті кездесуіндегідей қарсыласын нокаутқа жіберуге тырысатынын мәлімдеді.

«Ең бірінші міндет - Қазақстан бокс мектебінің шынайы қайратын көрсету. Ұйымдастырушыларға осындай мүмкіндік беріп отырғаны үшін алғыс білдіргім келеді. Өз Отанымда өнер көрсететініме өте қуаныштымын», - деді қазақстандық нокаутер.

Еске сала кетейік, ірі спорттық шара Almaty Arena көпбейінді спорт кешенінде өтеді. Ұйымдастырушылар ұмытылмас шоу болады деп уәде беріп отыр.

Бокс кешінде шаршы алаңда Қазақстан намысын Айдос Ербосынұлы, Садриддин Ахмедов, Нұрсұлтан Жаңабаев, Дастан Садуұлы, Ескендір Харсан, Асқат Жантұрсынов пен Диас Тастеміров қорғайды.

Автор: Еламан Тұрысбеков

Соңғы жаңалықтар