Белгілі әншілер «Достығымыз жарасқан» атты мерекелік бейнеролик түсірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1 мамыр мейрамына орай Қазақконцерт артистері мен елімізге белгілі әншілер «Достығымыз жарасқан» атты мерекелік бейнеролик түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Татулық пен бірліктің құтты мекеніне айналған еліміз 1-мамыр күні Қазақстан халқы бірлігі күнін атап өтеді. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жыл сайын осы мерекеге орай түрлі концерттік бағдарламаларды өткізуді дәстүрге айналдырған. Алайда биыл коронавирус пандемиясына қарсы жарияланған карантин салдарынан мерекелік іс-шараның форматы өзгерді.

Этносаралық татулықты нығайту мақсатында 1-мамыр мейрамына орай Қазақконцерт артистері мен елімізге белгілі әншілер «Достығымыз жарасқан» атты мерекелік бейнеролик түсірді. Бейнематериал арқылы өнер иелері еліміздегі бірлік пен келісімді тілге тиек етіп, бұл өзекті тақырыпты әнге қосты.


Аспаны бір, күні бір,

Жұлдызы бір, түні бір,

Даласы бір, гүлі бір,

Арманы бір, сыры бір, - деп ақын Шөмішбай Сариевтің туындысын орындаған өнерпаздар барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтады.

«Достығымыз жарасқан» атты бейне құттықтауды бастаған «Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы бұл іс-шараның мақсаты - ұлттар достығын нығайтып, халық бірлігін насихаттау екендігін жеткізді.

«Халық ынтымағы – отанымыздың басты құндылығы. Осы баға жетпес байлығымызды естен шығармай, бір шаңырақ астындағы барлық этностардың достық қарым-қатынасын күшейту өте маңызды. Жалпыұлттық татулық пен қоғамдық келісімнің ерекше моделіне айналған еліміз басқа елдерге үлгі бола білді. Ендігі мақсат – осы құндылығымызды сақтап, өскелең ұрпақты осы игі дәстүрге баулу», - деп бөлісті Жеңіс Сейдуллаұлы.


Соңғы жаңалықтар