Белгілі актерлер А.Төлепов пен А.Өтепберген енді Ғ.Мүсірепов театрында өнер көрсететін болды
«Мүсірепов театрының ұжымы жаңа маусымның ашылуына дайындықты бастады. Алда атқарар жұмыстар, тың идеялар, шығармашылық ізденістер көп болмақ. Сонымен қатар театрымыздың актерлер құрамы Аян Өтепберген және Асылхан Төлепов сынды талантты жігіттермен толықты», - дейді баспасөз хатшысы. Айта кетейік, Аян Өтепберген мен Асылхан Төлепов Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың бала» фильмінде басты рөлдерді сомдап, көрермен ықыласына бөленген. «Жау жүрек мың бала» тарихи картинасы - қазақ киноиндустриясында бірнеше рекорд орнатқан фильм. Себебі 2012 жылы премьерасы өткен соң фильмнің кассасы бірнеше күн ішінде 1 миллион долларға жуық пайда тапқан. Сонымен қатар кинотеатрлар тұңғыш рет қазақ тіліндегі фильмнің прокатына сұраныс арттырған. Прокатқа берілген кезде фильмнің 70 пайыз көшірмесі ана тілімізде, 30 пайызы орыс тілінде таратылған. Алайда, кинотеатрлар қазақ тіліндегі көшірменің жетпей жатқанын айтып, фильмнің ана тіліміздегі нұсқасын қосымша сұратқан болатын.