Беларусьтік ғарышкер әйел ұшуға дайындалып жатыр

None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Беларусь Республикасының тұңғыш ғарышкері ғарышқа ұшуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2023 жылдың күзінде Байқоңырдан Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) аттанатын келесі экспедиция құрамында Беларусь өкілі болады деген жоспар бар. Ю. Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығының (ҒДО) мәліметінше, беларусьтік үміткерлер 19 желтоқсаннан бастап медициналық тексерудің соңғы кезеңінен өтіп жатыр.

Ғарышқа ұшуға барлығы жүзден астам үміткер болған. Беларусь ұлттық академиясы Роскосмосқа 29 кандидатты іріктеп ұсынды. Ал, ұшыру алдындағы дайындыққа тек екі адам ғана таңдалады.

ҒДО басшысы Максим Харламовтың айтуынша, 28 желтоқсанда Бас дәрігерлік комиссияның отырысы өтеді. Онда үміткерлердің ғарышқа ұшуға арықарайғы дайындыққа жарамдылығы туралы ұсыныстар айтылады. Негізгі және қосалқы экипажға тағайындалатын үміткерлер Жаңа жылдан кейін анықталмақ.

Беларусь Республикасының тұңғыш ғарышкері 2023 жылдың қазан айында Байқоңыр ғарышайлағынан «Союз МС-24» кемесімен ұшады деп жоспарланып отыр.

Айта кетсек, ғарышқа Беларусьтен шыққан үш азамат ұшқан, олар – кеңес ғарышкерлері Петр Климук, Владимир Коваленок және Роскосмос ғарышкері Олег Новицкий.




Соңғы жаңалықтар