Беларусьте Қазақстан киносы күндері өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның заманауи киносы күндері Беларусьтің Могилев қаласында 3-6 ақпан күндері өтеді, деп хабарлайды БЕЛТА.

Көрермендер ересек және балалар аудиториясы үшін қазақ кинематографтарының соңғы жылдары түсірген үздік көркем фильмдерін көре алады.

3 ақпан күні «Родина» кинотеатрында өтетін Қазақстан киносы күндерінің ашылуына Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің өкілдері қатысады. Шара кезінде могилевтіктерге 2013 жылы режиссер Рүстем Әбдірашев түсірген «Жалынды өзен» көркем фильмін көру мүмкіндігі ұсынылады. Бұл фильм Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық және студенттік өмірінен алынған оқиғалар туралы баяндайды. Фильм «Көшбасшының жолы» тарихи киноэпопеясының екінші бөлімі болып табылады. «Балалық шағымның аспаны» атты бірінші туындымен бұл қаланың тұрғындары 2013 жылдың қараша айында танысқан еді. 4 ақпанда могилевтіктер қазақ елінің көшбасшысы туралы «Теміртау» атты үшінші фильмді тамашалай алады.

Сондай-ақ Қазақстан киносы күндерінде ересек көрермендер «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты драманы көре алады, ал балалар үшін «Жеңіс қылышы» атты шытырман фильмі дайындалды.

Айта кетейік, Могилев қаласында Қазақстан киносы күндері төртінші рет өткізіліп отыр. Қазақ фильмдері мұнда 2005, 2006, 2013 жылдары үлкен экранда көрсетілген.

Шараның ұйымдастырушылары - «Киновидеопрокат» мемлекеттік кәсіпорны, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігі.

Соңғы жаңалықтар