Беларусьтағы Қазақстан Елшілігінде Жамбыл шығармашылығы күні өтті

None
None
МИНСК. ҚазАқпарат – Бүгін Беларусьтағы Қазақстан Елшілігінде Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде «Жамбыл» көркем фильмінің көрсетілімі өтіп, Қазақстанда және өзге шет мемлекеттерде 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіп жатқан ұлы ақынның шығармашылығы талқыланды.

1952 жылы Алма-Ата көркем және хроникалық фильмдер киностудиясында режиссер Ефим Дзиган түсірген көркем фильмді тамашалап, қызу талқыға салған көрермендер үш кезеңнің өкілдері: дипломаттар, Елшілік қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері.

Аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Қазақстанда болған тарихи кезеңдер туралы, қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресі, 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандықтардың қосқан үлесі туралы айтып берді. Өзінің шығармашылығын қарапайым халықпен тығыз байланыстырып, отансүйгіштік пен адами құндылықты өз поэзиясында шынайы әрі терең етіп суреттей білген Жамбыл Жабаевтың жеке тұлғалық қасиетіне баса мән берілді.

Фильмді тамашалап болған соң іс-шараға қатысушылар Елшіліктің кітапханасында Ж.Жабаевтың көпжанрлығымен ерекшеленіп, батырлық эпос, сатира, ертегімен берілген шығармашылығымен танысты.

Талқылауға ақынның «Жүз жасаған жүректен», «Хан және ақын», «Зілді бұйрық» сынды шығармалары таңдап алынды. Атаулы күн соңында жыр алыбының әлемге әйгілі «Ленинградтық өренім!» өлеңі оқылды.


Соңғы жаңалықтар