Беларусь пен Ресейден елімізге тауарлар импорты артты – «Атамекен» ҰКП

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Бүгін елордада Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен диалог аясында өткен кездесуде «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Евгений Больгерт көршілес елдермен тауар айналым проблемаларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылдың және өткен жылдың сәйкес кезеңін салыстырар болсақ, жалпы тауар айналымы өскенін байқауға болады. Алайда экспорт көлемі төмендеп, импорт өсіп келеді. ЕАЭО елдеріне экспорт 165 млн АҚШ долларына қысқарса, импорт екі есеге жуық артқан. Тауар айналымы өскенімен, сауда теңгерімінде Ресей және Беларусьтен импорт деңгейі жоғарылап келеді», - Е. Болгерт.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан экспорттайтын тауарлар құрылымының басым бөлігінде шикізат өнімдері.

«Өңдеуші өнеркәсіп тауарлары бойынша сыртқы нарыққа шығару әлеуеті бар өнімдер аясында кедергілерге тап боламыз. Яғни минералдық шикізат, металл прокаты, химия өнеркәсібі өнімі, көмірсутектер ешбір кедергісіз өткізіледі. Бірақ азық-түлік, өңдеуші өнеркәсіп бағытында тауарларды жеткізуде қиындықтарды байқап отырмыз», - деді «Атамекен» ҰКП өкілі.

Оның атап өтуінше, жалпы бизнесті жүргізудегі талаптар бойынша Қазақстан ең тартымды елдердің бірі ретінде көрінген. 2015 жылдан бері еліміздің аумағында бірлескен кәсіпорындар саны үш есеге артты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік бойынша Алқа мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин ЕАЭО аясында сауда ережелерін бұзғандар туралы айтып берді.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлер үшін біраз кедергілер бар екенін және олардың жартысы заңды болса, жартысы заңсыз екенін атап өтті.

«Заңсыз кедергілермен қалай күресуге болады? Бұл тұрғыда құзырлы органға шағым түсіру керек, ол шағымдар қаралып, комиссияға шығарылады. Кедергі жасап отырған мемлекетке қатысты шешім қабылданады. Бұл шешімді олар үш айдың ішінде орындауы тиіс. Ал орындамаса, кеңестің қарауына ұсынамыз, мәселе жоғары деңгейде талқыланады», - деді С. Жұманғарин.



Соңғы жаңалықтар