Беларуське экспортталатын мұнай көлемі Қазақстанның мүмкіндігіне сай белгіленеді -министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Беларусьпен арадағы мұнай және мұнай өнімдері саласындағы кез келген қарым-қатынастар екіжақты шарттар бойынша іске асырылады. Бұл туралы елордада Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордада «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына арналған жиыннан кейін тілшілер министрден Беларусь еліне мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты сұрақ қойды.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2025 жылдан бастап мұнай мен мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығы жоспарланған. Осыған дейін ЕАЭО мүшелерімен мұнай және мұнай өнімдері саласындағы кез келген қатыстар екіжақты шарттар бойынша іске асырылады. Бұл құжаттар ратификацияға жатады. Сондықтан мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу туралы Беларусьпен арадағы шарт көлемді емес, жұмыс ұстанымдарын айқындайды. Өнім көлемі жыл сайын бекітіледі, яғни Беларусьтің қажеттілігі мен Қазақстанның мүмкіндігін ескере отырып белгіленеді», - деді Б. Ақшолақов.

Осы орайда ол мұнай бойынша техникалық мүмкіндіктер бұрыннан бар екенін, ал мұнай өнімдері бойынша теміржол тасымалы бар екенін еске салды.

«Құжаттарға қол қойылғаннан кейін, екі елдің жауапты министрліктері жұмыстарын бастайды. Беларусь жыл сайын 20-22 млн тонна мұнайды игереді. Бұл ретте бес ірі зауыт бар, олар кеңестік кезеңде салынған еді. Беларусьте сапасы жоғары мұнай өнімдері шығарылады, еуропалық стандарттарға сай келеді. Сондықтан бұл елдің аумағынан экспортқа шығарып келеді. ЕАЭО аясында өнімдерді кері экспорттамай, қажеттіліктерді жабу мақсатында жеткізу мәселесі көтеріліп отыр», - деді министр.

«Тарихи тұрғыда мұнайдың осындай көлемі (Беларуське) Ресейден жеткізілетін. Осы орайда олардың көршілік жақындығы ескерілген еді, екіншіден, РФ-тің мұнай өндіру көлемі Қазақстанға қарағанда айтарлықтай жоғары», - деді Б. Ақшолақов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Энергетика министрі Каспий құбыр желісі консорциумы толық көлемінде жұмыс істеп тұрғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар