Беларусь елінде Қазақстанның мәдени күндері өтті

None
None
МИНСК. ҚазАқпарат - Беларусь астанасы Минскіде еліміздің мәдени күндері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет күндерінің ашылуы алдында Беларусь Республикасының мәдениет вице-министрі Наталья Карчевская, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Бауыржан Қарағызұлы, Беларусь еліндегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Ермұхамет Ертісбаев және басқа да қонақтар мемлекеттік филармония залында ашылған көрмемен танысты.

Еліміздің тарихы, мәдениеті мен географиясын баяндайтын бейнероликтер мен фотосуреттер қойылған көрме қонақтарын ұлттық киімдегі батырлар мен қазақ арулары қарсы алды.

Одан кейін Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі мен мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің қатысуымен гала-концерт өтті.

«Сіздерді Қазақстан Республикасының Беларусь республикасындағы мәдениет күндерінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгідей мәдени іс-шаралар арқылы екі ел арасындағы достық байланыстың нығая түсетініне сенімдімін. Концерттен бөлек арнайы қойылған көрмеден қазіргі Қазақстанның жарқын бейнелері мен тұрмыс-тіршілігін тамашалай аласыздар », - деді ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Бауыржан Қарағызұлы.

Аталған шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.

«Қазақстанның Беларусь еліндегі мәдени күндері - ең алдымен екі ел арасындағы шынайы достықтың көрінісі. Осындай шаралардың негізінде мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-рухани қарым-қатынас тереңдей түседі. Қазақ халқы дегенде ең бірінші есімізге түсетіні - Ұлы Отан соғысы жылдары Беларусь елін соғыс өртінен алып шығу мен қорғауда қосқан үлестеріңіз. Соның бір дәлелі - бәріңіз білесіздер, Отан қорғаудағы әрбір 10 оқтың  9-ы Қазақстанда шығарылды. Сол кезден бастау алған тарихи бауырластық қазіргі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі мәдени кеш - соның куәсі, ал өнер - кез-келген халықты тіл табыстыра білетін ерекше күш», - деді Беларусь республикасы мәдениет министрінің бірінші орынбасары Наталья Карчевская.

Өз кезегінде еліміздің Төтенше және Өкілетті елшісі Ермұхамет Ертісбаев екі ел арасындағы мәдени және экономикалық қарым-қатынастың маңызына тоқталып өтті.

«Осыдан бір жыл бұрын Минскіде Қазақстан мен Беларусь басшыларының ресми кездесуі өтіп, онда 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық келісімдер жасалды. Қазақстан тарапынан бұрынғы Кеңес одағы елдері арасында тек Беларусь елімен ғана осындай ұзақмерзімді серіктестік жасалған деп айтуға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Экономикалық байланыстан бөлек, екі халықтың достық қарым-қатынасын одан әрі нығайтуда мәдени шаралардың маңызы ерекше. Осы тұрғыда сіздер үшін бүгін Қазақстанның өнерпаздары өнер көрсетеді», - деді ол.

Гала-концерт соңында Беларусь елінің мәдениет вице-министрі қазақ делегациясына ықылас гүлін табыс етті.

Айта кетсек, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінен бастау алған. Беларусь еліндегі Қазақстан елшілігі 1993 жылы 9 қаңтарда ашылса, тиісінше біздің елде Беларусь республикасының елшілігі 1997 жылдың 13 шілдесінен бастап жұмыс істеп келеді.

 

Соңғы жаңалықтар