Беларусь ақпараттық технологияларды қалай дамытып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Smart Satu сайтының негізін қалаушы Болатбек Оспанов ақпараттық технологияларды дамытуға қатысты өз кеңесін берді. Бүгінде оның жобасы тауар өндірушілер мен сатып алушылар үшін тікелей байланысты орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Компания Қазақстан нарығында жұмыс істесе де, кеңсесі Беларусьтың Минск қаласында орналасқан,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Беларусьта ақпараттық технологияларды дамыту үшін қолайлы әрі тиімді жағдайлар жасалады. Алайда ол жерде әзірленетін жобалардың 95 проценті Еуропа мен АҚШ-қа кетеді. Әрине, елдің цифрлануына да көңіл бөлінеді. Ол жақта ақпараттық технологияларды жасап, ақша тартуға тырысады. Біз болсақ, ақша көп болғаннан кейін, керісінше, технологияларды шетелден тартып жатамыз», - дейді Б.Оспанов.

Оның айтуынша, компания Минск қаласындағы жоғары технологиялар паркінің резиденті болғаннан кейін мемлекет тарапынан жеңілдіктер ала бастады. «Бізді сан алуан көрмелерге шақырады. Қолдайды, халыққа таныстырады. Ал қаржылай жеңілдіктерге келер болсақ, жоғары технологиялар паркінің резиденті болғанға дейін біз жалақыға кететін ақшаның 50 процентін салық ретінде төледік. Мәселен, 3000 доллар жалақыға берсек, 1 500 долларды салыққа салдық. Қазір ол салықтың көлемі небары 9 процентті құрап отыр. Сосын компаниялар табыстың 1 процентін паркке төлейді. Мәселен, қандай да бір жобаны 1 млрд долларға сатып, ол ақша елге келсе, 10 млн доллар парктің бюджетіне түседі. Ол ақша паркті дамытуға салынады, мамандардың біліктілігін арттыруға жұмсалады», - деп атап көрсетті Б.Оспанов.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда білікті мамандар бар. Бірақ оларды ұстап тұратын орта жоқ. Сол себепті көбісі шетелге кетіп жатады. Ал ірі халықаралық компаниялар өз жерімізде жұмыс істеп, жақсы жалақы төлесе, кәсіби мамандарды ұстап қалуға болатын еді. Бір сөзбен айтқанда, орта қажет. Ортаның жасай алмасақ, қанша маманды оқытсақ та, сонша маман Еуропа мен АҚШ-қа кете береді. «Мәселен, Беларусь «Жоғары технологиялар паркі 2.0» атты декретті шығарғаннан кейін ол жерде ай сайын 50 компания ашылады. Барлығы жоғары технологиялар паркінің резиденті болуға тырысады. Себебі ол жерде IT мамандар көп. Жаңадан келетін компаниялар Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Ресейде жүрген мықты мамандарды жинап алады да, өз жобаларын жасайды. Мамандар барады. Себебі оларға әлдеқайда көп жалақы төлейді», - дейді Б.Оспанов. Маманның ойынша, бүгінде ақпараттық технологиялар бойынша білім беруге негізгі басымдық беру керек. Сосын шешім қабылдауды барынша жеңілдеткен жөн. Өйткені бір ұсыныс барлық министрліктердің қарауынан өткенше біраз уақыт кетеді. Ал ол уақыттың ішінде көп нәрсе өзгереді.

Соңғы жаңалықтар