Бельгияның премьер-министрі коронавирусқа қарсы вакцинаның бустерлік дозасын алды

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бельгия үкіметі рождестволық мерекелер қарсаңында санитарлық қауіпсіздіктің қосымша шараларын енгізуде. Отырыс болған күні елдің премьер-министрі Александр Де Кроо COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның үшінші дозасын алғанын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде коронавирустың «дельта» штамымен күрес жүргізуге бағытталған шаралар кешенінің іске қосылғанына үш апта болды, біз олардың (шаралардың) расымен де көмектесіп отырғанын көріп отырмыз: инфекция жұқтыру жағдайлары азаюда», - деді баспасөз конференциясында А.Кроо.

«Бірақ, бұл сандарға қарамастан, алаңдауға әлі де себеп бар екені анық: вирустың омикрон нұсқасы жайлы естіп жүргеніміз жақсы жаңалық емес», - деп қосты ол.

Сарапшылардың бағалауынша, вирустың бұл нұсқасы көп ұзамай Бельгияда басым болады.

«Біз бұрынғыдан қырағы болуымыз керек екені сөзсіз», - деп ескертті бельгиялық премьер.

А.Крооның айтуынша, қазіргі жағдайда «бустерлік» екпе салдырту өте маңызды.

«Өз басым, бүгін өзіме екпе салдырттым», - деп қосты А.Кроо.

2021 жылдың 26 желтоқсанынан бастап ғимарат ішінде іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Кинотеатр, театр және концерт залдары өз жұмысын тоқтатады. Кітапханалар, мұражайлар және спорттық шаралар бұрынғыдай жұмыс істейді. Кәдімгі бассейндер ашық болады, бірақ ойын-сауық бассейндері (аквапарк) жабылуы тиіс.

Көшеде палаткалар ішінде өткізілетін іс-шаралар, соның ішінде рождестволық жәрмеңкелер мен «қысқы кентттер», мәдени іс-шаралар, жиналыстар тоқтатылады. Бұдан басқа, 100-ден астам адамды жинайтын шаралар үшін жеке кіру және шығу есіктері қарастырылған біржақты қозғалыс кестесі құрылуы тиіс. Дүкеннен бір уақытта зат сатып алуға 10 шаршы метрге бір адам кіргізілетін болады. Кәсіби және әуесқой спорттық ойындар (футбол матчтары, велокросс) тоқтатылады.

Бельгияда қашықтан жұмыс істеу ережелері бұрынғыдай қалмақ: ел азаматтары жұмысын аптасына төрт күн үйден атқарады.

«Бұл – денсаулық сақта жүйесіне салмақ түсірмеу, мектептердің қысқы демалыстан кейін 10 қаңтарда ашылуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар», - деп атап өтті А.Кроо.

Премьер-министр бұл шаралардың бельгиялықтар үшін ауыр екенін қосып өтті.

«Барлығымыз бір жыл күш салудан кейін Рождествоны басқаша өткізетінімізден үміттендік. Алайда бір жыл бұрын барлық барлар мен дүкендер жабылды, Шаштараздар жұмысын тоқтатты. Бір-бірімізді көрмей кеттік. Биыл да осылай болуы мүмкін. Өтініш, қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар: қонақтар санын шектеп, денсаулығыңызды күтіңіздер», - деп үндеді А.Кроо.


Арнұр Рахымбеков


Соңғы жаңалықтар