Бельгияда жүрген қазақстандықтар қалай дауыс берді

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Брюссельде Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңына сәйкес, Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде ашылған №241 сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де дауыс беру аяқталды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі хабарлайды.

№241 сайлау учаскесі Бельгияда және Люксембургте тұратын және уақытша жүрген қазақстандық азаматтарды күні бойы қабылдады.

Сайлау комиссиясының өкілдері атап өткендей, дауыс берушілер учаске ашылған бойда келе бастаған. Бүгінде Бельгия мен Люксембург аумағында Қазақстанның 200-ге жуық азаматы бар.

Сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Ерболат Сембаев халықтың 71% дауыс бергенін мәлім етті.

«Онымен қоса, кеше Брюссельде Қазақстан мен Бельгия құрамалары арасында футболдан матч өтті. Бельгияда жүрген жанкүйерлер өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалануды шешкен», - деп қосты ол.

Алғашқылардың бірі болып дауыс бергендерге естелік сыйлықтар тапсырылды. Айта кетейік, сайлауда студенттер ерекше белсенділік танытты.

«Барлық әлеуметтік желілерде және елшіліктің сайтында 9 маусым күні Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау өтетіні жөнінде хабарландыру жасалды. Осыдан кейін Бельгия мен Люксембургте тұрып жатқан азаматтар ғана емес, Бельгияға сапар шегуді жоспарлап отырғандар да хабарласа бастады. Олардың барлығы Қазақстанның Брюссельдегі елшілігінде орналасқан учаскеде дауыс беруді қалады», - дейді ол.

Оның айтуынша, сайлау заңнамасын бұзу жағдайлары анықталған жоқ. Бюллетеньдер саналғаннан кейін дауыс нәтижелері көрсетілген тиісті құжаттар авиапоштамен Орталық сайлау комиссиясына жөнелтіледі.

Соңғы жаңалықтар