Бельгияда 500 күннен кейін үкіметтің жаңа құрамы бекітілді

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бүгін Бельгияда фламанд либералы Александр де Кроо бастаған жаңа үкімет корольге ант берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Басқарушы коалицияға жеті саяси партия енді. Елдің жаңа премьер-министрі 1 қазан күні таңертең монархтың алдында ант қабылдады, ал жергілікті уақыт бойынша сағат 14.00-де Еуропарламент депутаттарының алдында сөз сөйлеуі күтілген. Осылайша, Бельгия тарихында ұзақ уақытқа созылған үкіметтік дағдарыс аяқталды. Бұл кезеңде корольдіктегі толыққанды заңды үкімет 500 күннен астам уақыт бойы жұмыс істемеді.

Коалицияға фламанд және французтілді социалистер, либералдар, «жасыл» және христиан демократиялық партиясының мүшелері кірді. Александр Де Кроо жаңа вице-премьерлер мен жаңа кабинет министрлерінің есімдерін жариялады. Бельгияның жаңа премьер-министрі Александр де Кроо 44 жаста, фламандтық либералды саясаткер, экономист және бизнесмен. Бельгия премьер-министрінің орынбасары, қаржы және даму мақсатындағы ынтымақтастық министрі қызметтерін атқарған. 2009 жылдан 2012 жылға дейін «Ашық фламандық либералдар мен демократтар» (Open VLD) партиясының жетекшісі болды.

Александр де Кроо – Бельгияның бұрынғы министрі және Өкілдер палатасының президенті Герман Де Крооның ұлы. 1998 жылы Брюссельдегі «Vrije» университетінде бизнес-инженерия саласында жоғары білім алған. 2002 жылы Чикагодағы Солтүстік-Батыс университетінде оқып, Келлогг менеджмент мектебінде іскерлік әкімшілік магистрі дәрежесін алды.

Соңғы жаңалықтар