Бельгия вирусологтері маймыл шешегіне бола алаңдауға негіз жоқтығын айтады
2022 жылғы 23 мамыр 02:00

Бельгия вирусологтері маймыл шешегіне бола алаңдауға негіз жоқтығын айтады

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгияда маймыл шешегін жұқтырудың төртінші дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Қазір Валлонияда ем қабылдап жатқан науқас осы айда Антверпен қаласында өткен фестивальде болған. Тағы екі науқастың да осы шараға қатысы бар. Левен университетінің вирусологі Марк Ван Ранст осы фестивальде болғандардың барлығын сақтыққа және аурудың алғашқы белгілері байқалса, бірден жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгінуге шақырады.

Ал, тағы бір вирусолог Пит Маес Бельгияда маймыл шешегі кең таралып кетеді деп алаңдауға негіз жоқтығын айтады. Оның пайымдауынша, елдің 50 жастан асқан тұрғындарында 1981 жылға дейін салынған вакцинаның арқасында иммунитет қалыптасқан. Қалғандарға да қауіп соншалықты қатты емес.

«Бүкіл әлемде бұл аурудың бірнеше ошағы бар. Әдетте, Конгода жыл сайын бірнеше мың адам ауырады. Алайда, Еуропада бұл вирус өте сирек шығады. Бұл - қызық ғылыми феномен, бірақ алаңдауға негіз жоқ», - дейді ол.

Қажетіне қарай, белгілі бір кезеңдерде жастарға вакцина салынуы мүмкін. Дегенмен, екпе салуды бастауға әзірге себеп жоқ. Мамандардың айтуынша, егер аурудың таралуы геометриялық прогресте дамитын болса, сонда екпе егу қажет болады.


Jańalyqtar

MURAǴAT