Бельгия Сыртқы істер министрі күйеуінің сырқатына байланысты қызметін уақытша тоқтатты

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бельгия Корольдігінің Сыртқы істер министрі Софи Вилмес әлеуметтік желі арқылы ел халқына үндеу жолдады. Министрлік басшысы науқас күйеуіне қарау үшін қызметінен уақытша кетуге мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Софи Вилмес Twitter -дегі ашық хатында күйеуі Кристоферге ми ісігінің агрессивті түрі диагнозы қойылғанын хабарлады.

«Өкінішке қарай, өмірде қиын жағдайлар болып тұрады. Бұл ауыр дерт біздің өмірімізге, атап айтқанда, күйеуім Кристофердің өміріне аяқ астынан келді. Енді ол агрессивті ми ісігі диагнозымен күрес жолына түсуі керек. Бұл ауыр сынақтың менің отбасыма, Бельгия үкіметіндегі рөліме зардабы тиді. Мемлекеттік қызметкер болу қатаңдықты, ашықтықты, қызметке толық берілгендікті талап етеді, бұл маған осынау қиын кезеңде жұбайым мен балаларымызға қажет көмек пен қамқорлық көрсетуге мүмкіндік бермейді», - деді С.Вильмес.

Оның айтуынша, премьер-министр корольге атқарушы биліктегі сыртқы істер министрінің өкілеттіктерін уақытша қайта құрылымдауды ұсынады.

«Мен жоқта осы жұмысты қолға алатын премьер-министр А.Де Кроо және әріптестерім Давид Кларинваль мен Матье Мишельге алдын ала рақметімді айтамын», - деп жазды Бельгияның Сыртқы істер министрі.


Соңғы жаңалықтар