Бельгия футбол құрамасының психологының тестінен де өтуге тура келді – қазақстандық Еуропадағы жұмыс жайлы

Фото:
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгиядағы қазақстандықтар қауымдастығының құрамы Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда аса үлкен емес. Соған қарамастан, ондағы қандастарымыз жақын араласып, түрлі шаралар ұйымдастырып, үнемі бір-бірін қолдап жүреді.

Отандасымыз Аслан Молданиязов Бельгиядағы қазақстандықтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өтетін футбол жарысының белсенді қатысушысы, ол жапондық «Terumo» компаниясының сол аймақтағы басшысы.

Осы орайда ҚазАқпараттың меншікті тілшісі жерлесіміз Аслан Молданиязовтың Бельгиядағы өмірі, компаниядағы жетістігі туралы әңгіме өрбіріп, сұхбат алған еді.

- Аслан, Еуропаның ортасында орналасқан Бельгияға қашан және қалай келдіңіз?

- Отбасымызбен 2019 жылы Бельгияға көшіп келдік. Үш ұлдан кейін төртінші сәбиіміз қыз дүниеге келді. Осы кезде маған жұмыс бойынша ұсыныс түсті. Жұбайым екеуміз ұсынысты қабылдап, Бельгияға көшу керек деп шештік. Себебі жұмыс ұсынған компанияның бас кеңсесі сонда орналасқан еді.

Қызымыз екі айға толғанда, мен жұмыс істейтін жапондық «Terumo» компаниясында «филиал менеджері», яғни Шығыс Еуропа, Орталық Еуропа, Балтық жағалауы, ТМД, Моңғолия, Израиль және Мальта елдері бойынша бас менеджер лауазымы бос болды. Бұл дистрибьюторлық кластерге кіретін өте үлкен аймақ.

- Жауапты лауазым ға жету үшін сына қтан қалай өттіңіз? Қиынға соқпады ма?

- Лауазымға іріктеуде талап жоғары болды. Іріктеудің 12 кезеңінен өтуге тура келді. Соның ішінде Бельгия футбол құрамасының психологы, таланттарды анықтау жөніндегі кәсіби агент, одан бөлек ЕМЕА компаниясының аймақтық президенті және вице-президентімен кездесу керек болды.

Біздің компания кадрлар байқауына сырттан қадағалайтын сарапшы ретінде бельгиялық маманды шақырды. Ал Бельгия құрамасының психологы менің психологиялық, көшбасшылық дағдыларыма, жұмысқа дайындығыма, соның ішінде стресстік жағдайдағы іс-қимылдарыма баға берді.

Іріктеудің бірнеше кезеңі мен сұхбаттардан кейін мақсатыма жақындай түстім. Бәсекелестік жоғары болды. Лауазымды қызметті иелену үшін Еуропа, Таяу Шығыс, Азиядан үміткерлер келді. Кандидаттардың ішінде ең жасы мен болдым. Ол кезде менде аталған лауазымға қол жеткізу үшін талап етілетін MBA немесе кандидаттық диссертациям да болған жоқ.

Ақыр соңында, жауапты лауазым маған бұйырды. Компания президентімен жеке сұхбаттан кейін мені әлемнің 30 елі бойынша компанияның бас менеджері қызметіне тағайындады.

- Бельгияда ғы өміріңіз жайлы айтып берсеңіз, мұнда сізге не ұнай ды?

- Біріншіден, мен жұмыс істейтін қызметіме жақсы ақша төленеді. «Terumo» компаниясы - Жапонияда алғаш болып ішкі нарыққа термометр шығара бастаған ірі өндіруші. Бұл онкология, жүрек-қан тамырлары және перифериялық салаларда медициналық өнімдер шығаратын үздік компаниялардың бірі.

Бельгиядан көп әсер алдым. Бельгия үкіметі айлықты, соның ішінде жеке сектордағы қызметкерлер жалақысын да индекстеуді реттеп отырған Еуропадағы санаулы елдің бірі екенін атап өткім келеді. Бұл әсіресе Еуроодақтағы жоғары инфляция тұрғысынан өзекті.

Қазір менің командам үлкен. 30 дистрибьютор, сол сияқты Левен қаласындағы және басқа елдердегі 37 кәсіби кеңсе маманы бар.

Командада Италия, Хорватия, Чехия, Швейцария, Сербия, Украина, Қазақстан, Ресей, Балтық елдерінің өкілдері бар. Әр түрлі ұлт пен мәдениеттен құралған халықаралық топ деуге болады.

Біз сатумен, маркетингпен, терапияны, бизнесті, логистиканы, қаржылық бөлімді, заңдастыру тағы сол сияқты мәселелерді дамытумен айналысамыз.

Отбасыма да Бельгияда тұрған ұнайды. Меніңше, бұл елде балаларға деген ерекше көзқарас қалыптасқан. Жұбайым да жергілікті қоғамға тез бейімделді, сондай-ақ қазақ қыздары арасында нетворкингті белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Нутрициология, отбасылық тамақтану бойынша өз ісін жүргізеді, француз тілін меңгеріп, әртүрлі деңгейлерінен сәтті өтіп жатыр, спортпен айналысады.

Мысалы, Астанада тұрғанда балаларымыздың үнемі қолы тимей жүретін. Күніне екі рет хоккей, шахмат, математика және тағы сол сияқты жаттығу немесе қосымша сабаққа баратын.

Мұнда да балалар мектеп үйірмелеріне қатысады, бірақ Бельгияда ыңғайлы режим. Мысалы, кейбір сабақтар онлайн өтеді. Футбол, баскетбол, джиу-джитсу секілді спортқа көп мән беріледі.

Бельгияда мемлекеттік мектеп тегін, балаларым француз тілінде оқиды. Мемлекеттің әлеуметтік қолдауын байыпты деп айтар едім.

Бельгияда зейнетақы жүйесі, ипотекалық бағдарламалар, 3%-ға дейін автонесие беру жақсы жолға қойылған.

- Әріптестеріңіз бен басшылықтың қазақстандық мамандарға көзқарасы қандай?

- Өте жақсы. Мен компаниядағы алғашқы қазақстандық болдым. Компания президенті кубогын бірнеше рет жеңіп алдым. Бұл компанияда өтетін байқау. Жеңімпаздарға жұбайын ертіп, компанияның жоғарғы басшылығымен және олардың отбасы мүшелерімен бірге әлем елдеріне VIP-сапарға баруға мүмкіндік беріледі.

Компания басшылығына Қазақстанның қатты әсер еткені соншалық, 2017 жылы олар шеберлік клубын өткізу үшін біздің елімізді таңдауды ұйғарды. Сардинияда үлкен экранда қазақ музыкасы, дәстүрлері мен туристік, мәдени орындары туралы видео көргенім есімде. Оған дейін мен президент кубогында бір рет жеңістің дәмін көрген едім. Осы сәтте тағы жеңіске жетуді мақсат еттім. Өйткені Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен үздік мамандарды апаруды жоғары мәртебе санадым.

Шетелдік қонақтар біздің тамаша туристік орындар Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі сияқты басқа да жерлерге барды.

Жалпы, ірі компаниялардың көпшілігінде ешқандай кемсіту, алалау деген атымен жоқ екенін атап өткім келеді. Бір-бірімізбен жақсы тіл табысамыз, мен арасында ең жасымын әрі еуропалық емеспін, алайда ешқашан ешқандай кемсіту болған емес.

Әріптестерім Қазақстан туралы жағымды әсерде қалғанына сенімдімін. Бізде үлкен амбициясы бар, білімді, ақылды және белсенді адамдар жеткілікті. Алға ұмтылып, өршіл мақсаттар қоятын жастар да көп. Еуропада қазақстандықтарды әдемі, ақылды ұлт ретінде қабылдайды деп ойлаймын.

Сондай-ақ, көптеген шетелдіктер Қазақстанға барған кезде біздің табиғатымызды, ландшафт, туристік орындарды көріп, ол жерлердің әлемде танымал еместігіне таң қалады.

Қазақстанды - баға, мәдениет, көрікті жерлер мен қызмет көрсету жағынан «жұмақ» деп айтуға болады.

- Аслан, табысқа жетуге ұмтылатын жас қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Алдымен мансапта немесе бизнесте нақты жоспарлауға кеңес беремін. Жақсы жоспарлау табысқа жетудің 50% құрайды. Яғни негізгі аспектілер бойынша бір жылға нақты мақсаттар қою керек. Алға қойған мақсаттарды өз ішінде әртүрлі кластерлерге бөліңіз. Өз басым бақытты адам болу үшін барлық салада бақытты болу керек деп санаймын. Бұл дегеніміз отбасы, мансап, қаржылық әл-ауқат, спорт, мәдениет және өзін-өзі тәрбиелеу.

Менің жұбайымның, балаларымның да өз мақсаттары бар. Жыл сайын алдымызға Smart жүйесі бойынша жаңа мақсаттар қоямыз. SMART әдісіне сәйкес мақсат нақты, өлшенетін, қол жеткізуге болатын, өзекті және шектеулі уақыт болуы керек.

Мәселен, бұл француз тілінің жаңа деңгейіне жету, айталық, B-1-ден B-2-ге дейін көтерілу. Белгілі бір емтихан тапсыру, қандай да бір турнирде жеңіске жету, осынша ақша табу, бонустар алу және тағы басқа.

Екіншіден, ұзақ мерзімге жоспарлаған жөн. Қазір мен IE Business School, UCLA Anderson, Singapore Management University-де Сингапурдан Лос-Анджелеске дейінгі 5 елге арналған жаһандық бағдарлама бойынша «executive MBA» алып жатырмын. Жұмыс беруші Латын Америкасына және басқа да жаһандық рөлдерге нақты жоспар құрып, маған инвестиция салады. Мен «Болашақ CEO», яғни болашақта компанияны басқаратындар клубына қатысамын. Осының бәрі тастөбеден түсе салған тосынсый емес, бұл нақты әр қадамды өлшеп, жоспарлаған дүниелер.

Менің жасым 36-да. Ал аталған клуб мүшелері 45 жастан асқандар, сондықтан мені қауымдастыққа «ережеден тыс» жағдайда кіргізіп отыр.

Даму жоспарымды жазған кезде, мен 20 жылдан кейін бүкіл компанияның «CEO» (менеджері) боламын деп жоспарладым. Бұл дегеніміз әлем бойынша 20 мыңнан астам қызметкер, айналымы бірнеше миллиард еуро.

Ұзақ мерзімді мақсатқа жеткізетін жол ұзақ. Ол үшін маған жаһандық тәжірибе қажет, әлемнің әртүрлі аймағында жұмыс істеуім керек.

Сонымен қатар, мен қазір жұмыс істейтін бағыт бойынша ғана емес, әртүрлі департаменттерде жұмыс істеуім қажет. Мен қайда, қандай мақсатқа қол жеткізгім келетінін білемін, сондықтан оған жетер жолды да жоспарлап қоямын. Ол үшін жоғары деңгейдегі құзыреттер қажет. Сол үшін өзіме қажет жаңа дағдыларды үйрену үшін арнайы қосымша курстарға баруға тырысамын.

Үшінші мәселе - тез үйрену және бейімделу. Бұл қазіргі уақытта өте маңызды. Себебі көптеген мамандықтар, жаһандық позициялар қазірдің өзінде қажет болмай қалды немесе жақын арада маңызын жоғалтады. Сіздің қаншалықты қатардан қалмай тез бейімделетініңіз өзекті.

Менің Қазақстанда әр түрлі бизнесім болды. Табыстысы да, онша жүрмей қалған бизнесім де болды. Бірақ сіз компанияда да жұмыс істеп мансап пен байлыққа қол жеткізе аласыз.

Бізге кейбір қалыптасқан стереотиптер кедергі болуы мүмкін. Мысалы, Еуропада қазақстандықтарды қабылдамауы мүмкін деген секілді таптаурын ой. Бұл - мүлдем қате көзқарас. Бізді де басқа адамдармен бірдей қабылдайды. Сіз қайдан келсеңіз де бәрібір. Шындығында, бұның бәрі - өз санамыздағы кедергілер, оны оңай жеңуге болады.

Сондықтан жас отандастарымыз ауқымды мақсаттар қойып, нақты не істегісі келетінін түсінуі керек. Бұйырғаны осы деп отырмай, өзінің қалаған ісімен айналысқан жөн. Көпшілігіміз «осылай істеген дұрыс қой» деген парадигмада өмір сүреміз.

Сен жұмысыңды жақсы көріп, түсінуің керек. Әлемді сен ғана күн сайын өзгертіп отырасың. Егер мен мұны шын мәнінде қалаймын деп жұмысқа кіріссең, алынбайтын қамал жоқ.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы оқырмандарға мынаны айтқым келеді. Шетелдегі жеке кәсіби жетістіктерімнің бәріне Отанымдағы отбасым мен жақындарымның қолдауының арқасында қол жеткіздім.

Бірінші кезекте ата-анамның арқасы. Қазақтың баласы ретінде өмірімде көп қолдау білдірген ата-анама әрдайым қарыздармын әрі оларды қатты құрметтеймін.

Біздің жетістіктеріміздің артында ата-анамыздың еңбегі жатыр. Әкем мен анам совет заманынан медицина саласында еңбек етті, орта деңгейлі табыс тапты. , мен қандай білім аламын деген мәселе туындағанда олар өмір бойы бар жиған-тергенін маған жұмсады.

Мектеп бітірген соң алдымен Қазақстандағы алдыңғы қатарлы мемлекеттік университеттердің біріне «химия» мамандығы бойынша грантқа түскен едім. Бірақ ата-анам КИМЭП-тің ақылы бөліміне түсірді. Осылайша менің болашағыма үлкен көмек жасады.

- Сұхбатыңызға рақмет !


Соңғы жаңалықтар