Бельгия алғаш рет алкоголь тұтынуға шектеу қоятын арнайы жоспар қабылдады

None
Фото: GETTY IMAGES
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Бельгияның Федералдық министрі Франк Ванденбруктың төрағалығымен ел үкіметі халықтың алкогольді ішімдіктерді тұтынуын азайтуға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған жеке іс-шаралар жоспарын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бельгияның денсаулық сақтау министрлігі алкогольдік ішімдікті шамадан тыс тұтынуды кемітуді көздейтін 75 бағыт бойынша федералдық жоспарын бекітті.

«Бұл құжаттың негізінде Бельгияның аймақтық үкіметтері де алкогольді шектен тыс пайдаланумен күресте бірлесіп жұмыс істеуге ынталы болып отыр», деді министр Франк Ванденбрук.

Айта кету керек, бұл - осы елдегі алкогольді ішімдікті тұтынуды азайтуға бағытталған ең алғашқы шара.

«Біз бірлесе отырып қана елімізде алкогольді ішімдікті шамадан тыс пайдалану мәселесін шеше аламыз. Мен бұл жоспарды әріптестерім мен ел үкіметі мақұлдағанына шын жүректен қуанып тұрмын», - деді Фрэнк Ванденбрук.

Бельгияның Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ бұл қадамның елдің алға қойған маңызды жобасы екенін атап өтті. Себебі, алкогольді шамадан тыс тұтыну ең алдымен денсаулық сақтау жүйесіне, сондай-ақ әділет, қаржы, жастар, полиция, тіпті қонақ күту салаларына да кері әсерін тигізіетіні анық.

Жаңа жоспар ел тұрғындарына алкогольді шамадан тыс пайдаланудың зияны мол екені жайлы (мысалы, қатерлі ісік) ақпараттарды, жадынамаларды үздіксіз жеткізіп отыруды қамтиды. Мұндай іс-шаралар ішімдікті шамадан тыс пайдалану кезінде сырқатты дәлірек анықтауға, денсаулықты оңалтуға, медициналық көмекке қолжетімділікті жақсартуға, және жол-көлік оқиғаларын азайтыуға оң әсер етпек. Жоба негізінде өзге де шараларды қолдану көзделіп отыр.

Бельгия үкіметі қабылдаған шаралар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) және Денсаулық сақтау жоғары кеңесінің ұсынымдарына негізделген.

Кәмелеттік жасқа толмағандардың алкогольді қоспаларды тұтынуы ерекше бақылауға алынбақ. Сонымен қатар үкімет алкоголь өндірушілерінің маркетингтік жоспарын еркін жүргізуге, ашық түрде таратуға жол бермеу үшін жарнамалардың да қатаң ережелерін енгізуді қолдайды. Билік елдегі радио мен теледидарда кәмелетке толмағандарға арналған бағдарламалардың басында және соңында алкогольді жарнамалауға тыйым салатын заңдарды көрсетуді де көздеп отыр. Сондай-ақ федералды үкімет ғаламтор желісінде, кәмелетке толмағандарға арналған әлеуметтік желілерде алкогольді ішімдіктерді жарнамалауды шектеу үшін арнайы ережелер әзірлеу үстінде.

Бұдан былай Бельгияда сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін автомагистральдар бойындағы дүкендерде алкогольді ішімдіктерді сату тоқтайды. Одан бөлек, алкогольді ішімдіктер сататын автоматтар да қатаң бақылауда болады.


Соңғы жаңалықтар