Бекзат Саттархановтың рөлін сомдауға бала кезден дайындалдым -актер

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте «Бекзат» көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігіне арналған жаңа туындыны көпшілік ықыласпен қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген фильмнің сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. 90 жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады.

Фильмнің тұсаукесерінде «Хабар» агенттігі АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев түсірілім туралы айтты.

«Бекзат Саттарханов туралы тұңғыш автобиографиялық туындыны таспалаудағы мақсатымыз - ерте сөнген жұлдыздың санаулы ғұмырындағы жігерлі жетістіктерін, қайтпас қайсарлығын, ұлжандылығы мен намысқойлығын көрсету арқылы - бүгінгі жас ұрпақты рухтандыру, жас спортшыларымызға бұқаралық салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады», - деді Ринат Кертаев

Картинаның режиссері - Мұрат Бидосов, сценарийін Сержан Закерұлы жазған. Фильмнің түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстанбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған. Жас актер әрі спортшы Бекзат Саттархановты бейнелеу аса қиын соқпағанын айтады.

«Бұл фильмде басты рөлін сомдауға бала кезден дайындалдым. Өйткені бала кезден-ақ Бекзат Саттарханов менің сүйікті спортшым болды. Оның өмірін мектеп кезінен танысып, біліп жүрдім, зерттедім. Сондықтан маған жеңіл болды. Тек қана режиссердің берген талаптарын орындап шықтым. Ал, рөлге келер кезде маған режиссер шақырып, сөйлесіп, ұсыныс жасады»,- дейді Самат Әзімқұлов.

Самат Әзімқұлов түсірілім кезіндегі қызық оқиғалары туралы айтты.

«Түсірілім кезінде көптеген қиыншылықтар да болды. Әсіресе көшенің төбелестерін түсіріп жатқан кезде бірнеше соққы алған сәттер болды. Фильмде ең толқытатыны, Бекзат ағамыздың финалдағы жекпе-жегі. Сол жеңіске жетер кезде Бекзат Саттарханов Амангелді Сейітхановпен сөйлесіп, «Мен жеңіске жетемін, сол жеңісімді Түркістанның 1500 жылдығына арнаймын, соны халыққа хабарлаңыз» деген сәті бар. Сол сәтті түсірер кезде қобалжып, көзіме жас алған кездер болды. Бір емес үш-төрт дубль жасауға тура келді»,- дейді актер Самат Әзімқұлов.

Көрсетілімде Бекзат Саттархановтың ата-анасы құрметті қонақ ретінде қатысты.

«20 жас ғұмырында қолынан келгенше еліне барлық күш-жігерін беріп кетті. Бекзатқа қандай марапат, қандай кино шығарса да артық болмас. Бекзатты жастардың алдына үлгі етіп қойса... оның имандылығы, үлкенді сыйлауы, қазақылығы, бірбеттілігі, алға қойған мақсатын орындайтын мінезі қазіргі қазақ жастарына керек», - дейді спортшының әкесі Сейілхан Саттарханов.

Айта кетсек, толық метражды картина 3 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды.

Соңғы жаңалықтар